НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында әйелдер арасындағы бокстан Қазақстан чемпионатының финалында 69 кг салмақта Дариға Шәкімова мен Валентина Хальзова шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұлардың екеуі де – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бір-бірін жақсы білетін сыралғы қарсыластар.
Дариға Рио олимпиадасының қола жүлдегері, 32 жаста болса, биыл 23-ке толған Валентина – 2016 жылғы әлем чемпионы.
В.Хальзова бұған дейін Иорданияда олимпиада жолдамасы үшін өткен турнирде өз мүмкіндігін пайдалана алмаған еді.
Бұл жолы жеңіс төрешілердің шешімімен бірауыздан Валентина Хальзоваға берілді.
В.Хальзова да алдағы басты мақсаты Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алу екендігін мәлімдеді.
Тағы бір олимпиадалық салмақ – 60 келіде елордалық Римма Волосенко қазылардың бірауыз шешімімен ақмолалық Карина Ибрагимовадан басым түсті.
64 кг салмақта қарағандылық Милана Сафронова шымкенттік Лаура Есенгелдіні мерзімінен бұрын, айқын басымдықпен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын финалға шыққан боксшылардың анықталғанын, Назым Қызайбайдың Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алғысы келетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).