Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы әлем кубогына дайындығын бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы алдағы маусым айында Қытайда өтетін әлем кубогына дайындығын бастады.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Бірлескен оқу-жаттығу жиыны Өзбекстанның Янгиабад қаласында өтіп жатыр. Аталған жиынға елімізден бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан және Оңтүстік Корея құрамалары қатысуда. Оқу-жаттығу жиынының бағдарламасы бойынша әр елдің боксшылары шеберлігін шыңдап, жалпы дене дайындығына жұмыс жүргізеді.

Айта кетейік, екінші әлем кубогының кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық боксшылар Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткен әлем кубогын үздік үштікте аяқтады.

Қазақстандық боксшылар беделді бәсекені үш алтын, бір күміс, үш қола медальмен аяқтады. Беделді бәсекеде Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі), Валерия Аксенова (80 келіден жоғары), Виктория Графеева (60 келі) жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Ал Аида Әбікеева (65 келі) күміс медаль алса, Алуа Балқыбекова (51 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі), Диас Молжігітов (80 келі) қола жүлдегер болды.

Ал финалдық кезең қараша айында Өзбекстанда өтеді. Дегенмен нақты күні мен жарыс өтетін қала әзірге белгіленген жоқ.