АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне Нұржан Насанов тағайындалды.
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, Нұржан Нишанұлы 1975 жылы дүниеге келген.
2016 жылы жаттықтырушы мансабын бастаған. 2024 жылдың тамыз айынан ұлттық құраманың жаттықтырушысы.
Екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай және тағы басқа боксшыларды тәрбиелеген.
Нұржан Насанов Қайрат Сәтжановты алмастырды.
Қайрат Тұрсынханұлы 2024 жылдың тамыз айынан бастап ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысының жетекшілігімен ерлер командасы көптеген халықаралық турнирлерде топ жарып, әлем чемпионатының жүлделерін иеленді. 35 жылдан аса тәжірибесі бар маман денсаулығына байланысты бұл қызметтен бас тартуына тура келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы бойынша нақты шешім шығатынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).