1bol.kz спорттық порталының мәліметінше, келесі жылы қазақстандық боксшылар екі әлем чемпионатында бақ сынайды. Оның біріншісін IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы), екіншісін World Boxing ұйымдастырады.
Жарыстарға дайындық аясында бірнеше оқу-жаттығу жиыны мен турнир жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қаңтар айында Испанияда бірлескен жаттығу лагері өткізіліп, сол жерде халықаралық турнир ұйымдастырылады. Ақпанда Болгарияда дәстүрлі «Странджа кубогы» турнирі өтеді. Наурызда Ресейдің Кисловодск қаласында Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан құрамаларымен бірлескен жаттығулар мен турнир жоспарланған.
IBA ұйымдастыратын әлем чемпионаты мамыр айында Түркияда өтеді. Бұрын бұл турнир Астанада өткізіледі деп жоспарланған еді. Дегенмен жоспар өзгеріп кетті. Ал World Boxing чемпионаты қыркүйек айында алғаш рет жалауын желбіретеді.
Қайрат Сәтжанов барлық боксшы осы турнирлер мен жаттығу жиындарына қатысатынын атап өтті. Сол бойынша ұлттық құраманың әр спортшысының қабілеттері бағаланып, жоспар құрылады.