Бокстан Қазақстан құрамасы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына толық құраммен баруға ниетті

АНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев елдің бокс құрамасы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына толық құраммен баратынына үміт артады.

Т. Құлыбаев бұл пікірін федерацияның есептік конференциясында журналистермен болған кездесуінде айтты.

Оның айтуынша, боксшылар ең әуелі Олимпиада лицензиялары сарапқа салынатын 2011 жылғы Әлем біріншілігінде табысты өнер көрсетулері қажет.

«Командамыз барлық салмақ дәрежелері бойынша олимпиада жолдамаларын олжалап, Лондонға толық құраммен баруын жоспарлаудамыз. Олимпиадада ерлер 10 салмақ дәрежелері бойынша, әйелдер 3 салмақ бойынша мықтыларды анықтайды», - деп атап өтті ол.

«Қазақстан олимпиада ойындарында мақтануға тұрарлық өнер көрсетуі үшін барлығымыз жақсы жұмыс жасауға тиіспіз», - деді сөзінің соңында Т. Құлыбаев.