Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа капитаны анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа капитаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Енді бұл міндетті Әділбек Ниязымбетов атқарады. Бұған дейін құраманың капитаны Данияр Елеусінов болды. Жақында ол мансабын кәсіпқой бокста жалғастыратынын мәлім етті.

 

"Мырзағали Айтжановтың басқаруындағы Қазақстан құрамасының бапкерлік құрамы өзара ақылдаса келе капитандық міндетті Әділбек Ниязымбетовке беруді жөн көрді", - делінген хабарламада.

 

Айта кетейік, Әділбек Ниязымбетов - Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері сонымен қатар, оның еншісінде әлем чемпионатының екі күміс жүлдесі және Азия ойындары мен Азия біріншілігінің алтын жүлделері бар.