Бокстан лицензиялық турнир: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/4 финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 29 мамырда қазақстандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) 1/4 финалға жолдама алды.

Фото: Бокс федерациясы

Қазақстандық боксшы 1/8 финалда италиялық Джанлуиджи Малангамен кездесті.

Жекпе-жек барысында Мұхаммедсабыр жинақы қимыл көрсетті. Қарсыласына көбірек соққы жұмсады. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен қазақстандық боксшының жеңгенін жариялады.

Енді Мұхаммедсабыр 31 мамырда кубалық Эрисланди Альвареспен шаршы алаңға шығады.

Қазірге дейін Мұхаммедсабыр екі жекпе-жегінде филиппиндік Кристиан Питт Лорентті, түркиялық Мизан Айколды тізе бүктірді.

Айта кетсек, еліміздің ерлер құрамасы бұған дейін Олимпиаданың 6 жолдамасын жеңіп алды.

Атап айтқанда, олардың қатарында Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) бар.

Ал бұдан бұрын әйелдер құрамасында Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.

Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын аяқтады.

Енді әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) сайысқа түседі.