АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін лицензиялық турнирде ел намысын қорғайтын қазақстандық боксшылар белгілі болды.
Лицензиялық турнир 4-11 наурыз аралығында өтеді. Онда тек жартылай финалға шыққан боксшылар 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамаға ие болады.
Аталған турнирде ел құрамасы сапында Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралба (80 келі) мен Айбек Оралбай (92 келі) бақ сынайды.
Ал Олимпиада жолдамасына ие болған Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) аталған турнирге қатыспайды.
Қазақстандық боксшылар қазірге дейін Жазғы Олимпиадада барлығы 22 медаль алды. Оның ішінде 7 алтын, 7 күміс, 8 қола бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.