АСТАНА. KAZINFORM - Таиландының Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға соңғы іріктеу турнирінде бүгін ел құрамасының сапынан Назым Қызайбай (50 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Бұл жолы қазақстандық боксшы словакиялық Николь Дуриковамен кездесті. Словакиялық спортшы өз елінің чемпионы, 22 жасқа деййінгі жастар арасында Еуропа чемпионатының күміс және қола жүлдегері болған.
Жекпе-жек барысында Назым сенімді ойын көрсетті. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Сәлден соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатып, Назымның жеңіске жеткенін мәлім етті.
Назым Қызайбай 1993 жылы дүниеге келген. 2014, 2016 жылдарда әлем чемпионы атанса, 2012 жылы күміс медаль алды. Ал, 2021 жылы Азия чемпионы тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, әйелдер құрамасында одан басқа Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ ерлер құрамасында Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) шаршы алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.