Бұл жайында «Аламан» спорт агенттігі хабарлайды.
Жарыстың ашылу салтанатына Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер Кубогінің иегері Серік Сәпиев пен жеке бапкері Александр Стрельников, Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтар қатысты. Жарысты ашпастан бұрын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Мұқанов облыстық әкімшілік атынан С.Сәпиев пен бапкері А.Стрельниковке 1 000 000 теңгенің чегін табыс етті. Ал Мырзағали Айтжанов Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі атынан Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер, Ә.Ниязымбетовтің жеке бапкері Марат Жакиевке «Қазақстан полициясына 20 жыл» медалін табыстады. Бұлардан басқа әкімшіліктің арнайы сыйлықтарымен Лондон Олимпиадасының төрешісі, 2010 жылғы әлемнің үздік төрешісі Рақымжан Рысбаев, құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов және бокс ардагері, тұңғыш Олимпиада Ойындарында төрешілік еткен қазақ Серік Әбденалиевтер де марапатталды.
Бұл жолы аталмыш жарысқа Қытай, Моңғолия, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам былғары қолғап шеберлері жиналды. Қатысушылар сапында есімдері әлемге танымал бірнеше боксшылар бар. Айта кетер болсақ, Қазақстан ұлттық құрамасына үміткер боксшылар Василий Левит, Рустам Сваев, Алмат Серимов, Алексей Севостьянов, Қамшыбек Қоңқабаев, Бақытжан Қожабеков, Мерей Ақшалов, Дәурен Елеусінов, Айдар Шәрібаев, Нұрғазы Жүсіпов, Теміртас Жүсіпов, Нұрсұлтан Көшеғұлов, Мұхит Амантаев, Сулейман Бердукаев, Берік Әбдрахманов, т.б. Бұлардан басқа Олимпиада және Әлем чемпионаттарына қатысушылар - қытайлықтар Чонг Маймайтурсун мен Маола Тохтычонг, әзірбайжандықтар Гайбатулла Гаджиалиев пен Рахим Наджафов, қырғыз елінен Азат Усеналиев, Ермек Сәкенов пен Сыймық Абдылдабекуулу, өзбек Алишер Махмудовтар да бар. Жалпы алғанда жарысқа 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері қатысуда (В.Левит, М.Ақшалов, Б.Қожабеков, Р.Сваев, Б.Абдрахманов, К.Ахмедов, И.Мадримов). 64, 69, 81 және 91 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде өте мықты боксшылар жиналған екен, бұл салмақтардағы жекпе-жектер өте тартысты өтеді деп күтілуде.
Қыркүйектің 26 және 27 күндері алдын-ала кездесулер болды. Ал кеше ширек финалдық кездесулер өтті, өте тартысты өткен бірнеше жекпе-жектерге арнайы тоқтала кетсек те болады. Мысалы маңғыстаулық Мұхит Амантаев пен ӘЧ-ға қатысушы әзірбайжандық Рахим Наджафов және алматылықтар Шыңғыс Бердібеков пен Абылайхан Мұратовтардың кездесулері жанкүйерлер көңілінен шықты деуге болады.