АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа-2023» турниріндегі алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 92 келіден жоғары салмақта 1/8 финалда нидерландиялық Стэн Бертенспен қолғап түйістірді. Нәтижесінде екінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді.
Осылайша Қамшыбек Қоңқабаев 1/4 финалға жолдама алды.
Қазақстандық спортшы бұған дейін 2020 жылғы жазғы Олимпиадада қола жүлде алса, екі мәрте әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанған. Ал Азия чемпионатында төрт мәрте екінші орын алған болатын.
Айта кетсек, бүгін күндізгі сессияда ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) өзбекстандық Мужибилло Турсуновқа есе жіберді.
Бүгін Ерасыл Таңқай (60 келі) филиппиндік Пол Джулайфер Баскон, Нұрқанат Райыс (75 келі) австралиялық Доминик Молинаромен шаршы алаңға шығады.
Фото: instagram.com/kamshybek_team
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.