НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алғашқы алтын медаль қоржынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада 66 келіде сынға түскен Аружан Жаңабаева иорданиялық Нуха Аль-Зубимен қолғап түйістірген еді. Жекпе- жекте қазақстандық боксшы қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілер жекпе-жекті ертерек аяқтауға мәжбүр болды.
Еске салсақ, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалында еліміздің атынан барлығы 27 спортшы бақ сынауға мүмкіндік алды.
Айта кетсек, бұған дейін Ұлдана Таубай (60 келі) үндістандық Никита Чандқа, Нұрсұлу Сүйінәлі (63 келі) үндістандық Шрушти Сачинге, Роксолона Валиева (70 келі) өзбекстандық Ойша Тоироваға жол беріп қойды.
Бүгін, 13 наурызда жасөспірім ұлдар мен қыздар шаршы алаңға шығуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.