Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші «алтын» түсті
22:45, 03 Желтоқсан 2023
Қазақстандық боксшы Айсұлу Мұхит Ереванда (Армения) өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатында финалдық кездесуін өткізді. Kazinform бұл туралы Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
66 келі салмақтағы боксшылар арасында өткен финалдық кездесуде Айсұлу Мұхит Румыния өкілі Амалия Тугуимен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Айсұлу Мұхит әлем чемпионатының «алтынын» жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының биылғы турнирдегі үшінші медалі. Бұған дейін Аяжан Сыдық (54 келі) пен Толғанай Қасымхан (60 келі) финалда жеңіске жетті.
Ертең Қазақстан құрамасынан Нұрасыл Төлебек (54 келі) финалдық кездесу өткізеді.