АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында үш қазақстандық спортшы жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63,5 келіге дейінгі салмақта бастапқы кездесуін сәтті өткізді. Ол таиландтық Роекпиджит Суфарекпен жұдырықтасып, оны үш рет нокдаунға жіберіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. М. Базарбайұлы жартылай финалда моңғолиялық Тулга Оюнбаатармен кездеседі.
Жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов 71 келіге дейінгі салмақа кувейттік Сальман Аль-Шаммаримен рингке шықты. Бірінші раундта Сабыржан қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Сөйтіп, бұл кездесу де техникалық нокаутпен аяқталды.
Тағы бір қазақстандық Диас Молжігітов 75 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Даниэл Абдрахмановты айқын басымдылықпен ұтты. Бұл жекпе-жекте де бірінші және үшінші раундта нокдаун тіркелді.
Осылайша, үш боксшы жартылай финалға шықты. Бұл – кемінде қола жүлде қоржында деген сөз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Махмуд Сабырханның қарсыласын нокаутпен жеңгенін жазған едік.
Фото: sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).