Боқтау естіп, оқтау жеген: Агрессор әйелінен зәбір көрген еркектер

Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өткір тұр. «Сериалға» айналып бара жатқан Бишімбаевтың соты ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгімеге тұздық бола түскені рас. Әйелдерін сабайтын еркектерді сабасына түсіру қажет-ақ. Ал әйелінен зәбір көріп жүрген ер адамның проблемасына үңілгендер бар ма?

«Әй» дейтін әйелдер бар

Былтыр Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте зорлық-зомбылық бойынша әйелдердің үстінен түсетін шағымдар шамамен 10 пайыз екенін мәлім еткен болатын.

Фото: Кazinform

«Әрине, біз бұған нонсенс сияқты қараймыз. Алайда әйелдеріне шағымданатын күйеулер де бар. Олардың саны көп емес, әртүрлі жағдай болады», - деген еді ол.

Жуырда Ішкі істер министрлігі өкілдеріне хабарласып, агрессор әйелінен зәбір көрген еркектердің статистикасын сұраған едік. Ондағылар мұндай статистика жүргізілмейтінін алға тартты. Игорь Лепеха өз тәжірибесіне сүйеніп, шамалап айтқан болуы керек деп қабылдадық.

Бұдан кейін Бас прокуратурамен байланысқа шықтық. Ол жақтағылар да арнайы статистика жүргізілмейтінін жеткізді.

Не десек те, әйелдерден зәбір көретін еркектер жоқ емес. Аз да болса бар. Қоғам назарынан тыс қалып жатқаны да сол. Мұндай деректер көп болса арнайы статистика жүргізілетін еді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде еркектерден қорлық көрген әйелдерге арналған орталықтар аз емес. Онда әйелдер 6 айға дейін қоныстанып, материалдық, психологиялық көмек ала алады. Еркектерге арналған орталықтар жоқ екен. Ашылса, таң қалмаспыз.

Қызғаншақтық һәм қызбалық

Осыдан 6 жыл бұрын Астана қаласында 36 жастағы әйел сүйіктісін қызғанғаны соншалық, оны «сүндетке отырғызып», кегін алған еді.

Сұмдық оқиға былай өрбіген. Н. есімді ару жігітінің ұялы телефонынан әпкесімен хат алмасқанын байқап қалады. Жігіті бөтен бір қызды мақтаған көрінеді. Ол аздай, телефонда сақтаулы тұрған өзге әйелдердің суреттері ашуын үдеткен.

Бұдан кейін ару кек алудың жоспарын құрады. Жігітке жыныстық қатынасқа түсуге ұсыныс жасап, ұйықтатын дәрі берген. Кейін қол-аяғын орамалмен төсекке байлап қойып, алюминий таяқпен ұра бастаған. Сорақысы сол, скальпельмен денесін тілгілеп, жыныстық мүшесін кескен. Жүрегінде «мейірімі бар» екен. Қанға малынған жігітті өз көлігімен ауруханаға жеткізген. Оны сол жерде полицейлер құрықтаған.

Ал осыдан үш жыл бұрын әлеуметтік желілерде тепсе темір үзетін төрт баласы бар ер азаматтың әйелінен қорлық көріп жүргені туралы ақпарат таралып кетті.

«Тепсем темір үзетін азаматпын. Тек әйелімнің алдында әлсізбін. Себебі, сүйген жарым жақындарымен жабылып кетеді. Қыстың қара суығында қайын жұртым жабылып, далаға жалаң аяқ қаңғыртып жіберді. Аш-жалаңаш Қордайдан Алматыға әрең жеттім. Алматыда өз үйім бар. Әйелім төркініне кетіп қала береді. Төрт балам үшін келмей қойған соң, қайын жұртыммен тұруға амал жоқтан көндім», - деген еді ол.

Ерді намыс өлтіреді...

Фото: М. Орақовтың Facebook парақшасынан

Әлеуметтік желілерде әйелінен қорлық көретін еркектер жайлы ара-тұра жазылып тұрады. Біздің көзімізге Мәлік Орақов есімді Facebook пайдаланушының пікірі ілікті.

«Желі бетінде әйелдің еркектен қорлық көретіні туралы мәселе жиі көтеріледі. Ал еркектің әйелден қысым көретіні жайлы мүлде айтылмайды деуге болады. Иә, айтылмайтын себебі де бар. Өйткені, қазақтың қай еркегі де әйелінен қорлық көргенін айтуға намыстанады. Әйтпесе небір әйелдер бар ғой. Мен өзім ер адамдардың әйелінің нашарлығынан ішіп кеткен, дарға асылып қалғандардың қаншасын білемін. Оны желіге жазсаң. Ой ол еркек емес, ез ғой деп шығады. Сонда біздің қоғамда әйел еркектен қорлық көрсе де, еркек кінәлі. Еркек әйелден қорлық көрсе де, еркек кінәлі болып шығады. Солай ғой, яғни таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өлетіні сияқты. Меніңше әйелден қорлық көретін еркектер екі есе көп-ау. Осы айтқаным өтірік болса, жеңгелеріңнің болмаса келіндеріңнің керемет екенін, ата-енесін әлпештеп, аға-інілеріңді еркекше құрметтеп отырғанын жазыңдаршы. Әй, қайдам-ау... Көп болса 20 пайызы мақтар. Ал 80 пайызы мақтай алмай, үндемей өтіп кететіні анық...» - дейді ол.

Әкелер институтын дамыту маңызды

Фото: А. Әлтайдың жеке мұрағатынан

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай әйелден қысым көрген еркектер аз емес екенін айтады. Оған себеп те жоқ емес.

«Бұрын әкелеріміз отбасындағы ахуалды қабағымен реттеп отыратын еді. Біздің кезімізде «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінік қалыптасқан-ды. Қазір «мамам біледі», «мамамнан сұранайын», «мамам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр. Қала берді, ақпарат кеңістігінде қазақ жігіттерін, ер-азаматтарын ез, қорқақ, жалтақ қылып көрсететін түрлі контент қаптап кетті. Мектептерде ер мұғалімдер аз. Әйелдердің ортасында өскен ұл баланың мінезі, жүріс-тұрысы қалай қалыптасатыны айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі әкелердің отбасындағы рөлін төмендететіні анық. Бұл ретте, әкелер институтын дамыту маңызды», - деді депутат.

Фото: Ж. Амантайдың жеке мұрағатынан

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай жанжал шығарған әйелдерді де жазаға тартуды ұсынған болатын.

«Жауапкершілікті тең бөлу керек. Жасыратыны жоқ, кейде ер азаматтарға да буллинг жасалады. Нақты деректерді келтіре алмаймын. Дегенмен қоғамда көріп жүргеніміздей, әйел адамдар да ерлеріне қысым жасайды. Бірақ мұндай деректер көп емес. «Әйелдерді қамасын, оларға айыппұл салсын» дегенді мен заңға ұсыну үшін айтып отырғаным жоқ. Менің айтқым келгені, жауапкершілік, отбасыдан ажыраудың салмағын бәрі тең сезінуі тиіс», - деді Ж. Амантай.

Сарапшылар соңғы кездері қоғамда қазақы менталитет азайып, батыстың өмір салты санаға сіңіп бара жатқанын айтады. Себебі, қазір еркектер «әйелім ұрады» деп полицияға шағымдануға намыстанбайтын болған. Жас жұбайларды қойшы, егде жастағы ерлі-зайыптылар жиі ажырасып жатқан көрінеді. Қазақ қоғамында осы сияқты мысалдар көп. «Ұят болады» деген сөз келмеске кетіп бара жатқандай...