БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ЕЛ: Арам пиғылдарға ішіміздегі бірлікті қарсы қоюға тиіспіз - депутат Бақытбек Смағұл

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде аумалы-төкпелі заманда тыныштығымыз, тұрақтылығымыз, береке-бірлігіміз зор бақыт. Бұл пікірді жақында өткен «Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ұлт» республикалық патриоттар форумының қатысушылары да бекемдей түсті. Осы орайда бұл форумға қатысып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке шақырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлмен жүздесіп, еліміздегі бейбітшілік құндылықтары тақырыбында пікірін білдік.

«Қандай уақытта болмасын, жалпы біздің қоғамымыз майдан ортасынан оралған, соғыстың тауқыметін тартқан адамдардың сөзіне құлақ түргені жөн. Біз соғыс отының тұтануын қаламаймыз, керісінше, бейбіт өмірдің құны мен қадірін жақсы түсінеміз. Атап айтқанда, қарулы қақтығыс ел келешегі үшін қауіп-қатер екенін білеміз. Қазақстан мен соғыс ұғымдары ешқашан қатар тұрмасын. Сондықтан да бүгінде әлем ұшынып тұр, әділеттіліктілікті уақытында орнатуға құлықсыздықтан, уақыт әр елді әрқалай сынап жатыр. Дамушы елдерге жасалып жатқан үстемдік, қысастық, әділеттілікті белден басып, агрессивті экономикалық, қаржылық, инвестициялық құрсаулар, компанияаралық қысымдар, алпауыт елдер дағдыға айналдырған интервенциялар мен діни кемсітулер, сондай-ақ қысқасы отаршылдықтың жаңа түрлері әр елдің есігінен сығалауды қойып, төріне қонжиып отырып жатыр. Қойнауы қазынаға толы өз байлығыңды өзіңе базарлатқысы келмейтін, өз үйіңнің тәртібіне өзіне ұнаған өзгерістерді енгізе салғысы келетін өктем пиғылдар өршіп тұр. Өрттің бәрін жалғыз өзің өшіре аласың ба? Арандатушы күштер Қазақстанға қарсы шырпы тұтата қояр сылтау таба алмайтынына кім кепіл?!»,-деп тоқталды халық қалаулысы.

Бақытбек Смағұлдың сөзіне қарағанда, дінаралық және этносаралық татулық, бейбітшілік пен келісім, болашағы баянды һәм біртұтас ұлт осы істің басында жүрген жалғыз Елбасыға ғана емес, ең әуелі мына аумалы-төкпелі заманда жайлы жатып, жақсы тұруды тілейтін қалың жұртымызға керек. «Мәңгілік ел» жолында азғырушылар да, адастыруға ниетті арам пиғылдар аз кездеспейді. Сондықтан да жаман ниеттілерге ішіміздегі бірлікті қарсы қоюға тиіспіз. Жасандылық пен жалғандықтың ғұмыры ұзақ емес. Ауған соғысының аяқталғанындай, дүниеннің дегбірін қашырған дағдарыстар да тәмамдалады. Олардан келісім мен достық, қайрат пен қайсарлық, табандылық пен төзім секілді мәңгілік құндылықтарға сүйенгендер ғана аман шығады. Бүгінгі сынақ ертеңге сабақ болған жөн.

«Осыны қоғам түсінсе екен дейміз. Бүгінде уыздай ұйыған ынтымағымызды жарастырып отырған бастаманы аяғына дейін жеткізудің бағыт бағдарының барлығы белгілі. Бүгінгі таңда біз ынтымағымызды жарастыруымыз керек. Қазақ ұлтының аясында ұйыстыра білуге, біз өзіміздің тарихымызды, тілімізді, ділімізді, дәстүрлі дінімізді сақтауға, сондай-ақ өзге ұлттың өкілдерін бауырымызға тартуға жауапты біздерміз. Сонда ғана біз үлкен тұтас ұлттың ұйытқысына айналамыз. Өйткені, мемлекет құрушы байырғы қазақ халқына қиын кезеңдерде тағдырын қосқан бауырларымыздың барлығы бізге еті жақын. Сондықтан да Тәуелсіздік құрғалы олардың да үлкен сүбелі еңбектері бар. Олар осы жерде туды, осы жерді Отаным деп санайды. Осы бейбітшілік пен келісім аясындағы игі бастамаларды жүзеге асырудың басында еліміздің қара көздері болғаны абзал. Ұлттың тұтастығы қазақтың ауызбірлігінен білінеді. Жердің тұтастығы, діннің тұтастығы, тілдің тұтастығы секілді маңызды мәселелерді ескерген жағдайда мемлекеттік санамыз қалыптасады. Тіл тұтастығы - біздің мемлекетке деген құрмет!»,-дейді депутат.

Б. Смағұл жақында Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымында алты тілге аудартып, Алты Алаштың ана тілін алты құрлыққа паш етіп, бірінші кезекте бірлік пен ынтымаққа шақырғанын еске салып өтті. «Мемлекет басшысының қойған әрбір саясаты саналы түрдегі қарқынды қадамды қажет етеді. Атап айтқанда, сана қалыптастыру үшін жер атаулары өздерінің тарихи негіздеріне келіп жатыр. Дәстүрлі дініміз бар. Өзге ағымдардың жетегінде емес, біз ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дінімізге берік болуымыз керек. Сондықтан бүгінгі таңда Елбасының бастамасы жау да, дау да жинамай, Ұлы Дала төсінде бейбіт өмір сүру, ата-бабаларымыздың армандарын баянды ету. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің барлығы біздің бауырларымыз, яғни Біртұтас ұлт деп айтып отырғанымыз осы. Бұл мәселенің барлығын орынды деп ойлаймын және дұрыс түсіне білуіміз керек. «Мәңгілік ел» жолында барлығы баянды болсын десек, бірлік мәселесін терең ұғынуымызға тиіспіз. Әр азамат өзінің өмірін мемлекет мүддесіне бағыштауы керек. Біз бауырламызды итермей, өзімізге жақын тартып жатырмыз»,-деп өз ойымен бөлісті халық қалаулысы.