«Болашақ» бағдарламасымен оқу үшін ҚАЗТЕСТ талаптары қиындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ тілін білу талабы ең жеңіл деңгейден орташа деңгейге көтеріледі. Бұл жөнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Фото: Kazinform

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында оған депутат Самат Нұртаза сұрақ қойды.

— «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің арасында кейде қазақша білмейтіндерін кездестіремін. Олар ҚАЗТЕСТ тестілеуінен қалай өткен? — деді депутат.

Оған жауап берген министр алдағы жоспарларға тоқталды.

— ҚАЗТЕСТ деңгейін көтереміз. Оның A, B, C деген деңгейлері бар. Қазір соның ең төменгісі A бекітілген. Енді ақырындап көтереміз. Қазақ тілін білу талабын B1, B2 деңгейіне жоғарылатуға мүмкіндігіміз бар, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің ЖОО-ларында 700-ге жуық оқу бағдарламасы жабылатынын жазғанбыз.