«Болашақ» бағдарламасы аясында елдегі тапшы мамандықтардың мақсатты топтары ұйымдастырылады - Б.Жұмағұлов

None
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы аясында елдегі тапшы мамандықтардың мақсатты топтары ұйымдастырылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларымен таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі айтты.

Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, ҚР Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен өткен Республикалық комиссияның соңғы отырысында мамандық топтарын нақты даярлау туралы шешім қабылданып та қойған.

«Бұл мәдениет, журналистика, ақпараттық технологиялар саласына, сондай-ақ техникалық және қоғамдық-саяси мамандықтарға, ұлттық қауіпсіздікке қатысты.

Біздің министрлік тиісті орталық органдармен бірлесіп, осындай топтарды жасайтын болады», - деді ол.

Б.Жұмағұловтың атап өтуінше, елдегі сұранысты толық қанағаттандыру үшін мамандықтардың атауына ғана емес, даярлау мазмұнына да назар аударуымыз қажет. Диссертациялық және зерттеу жұмыстарының тақырыптарын таңдауда стипендиаттарды министрлік «Қазақстан - 2050» Стратегиясындағы міндеттерді іске асыруға бағыттайтын болады. «Бұл үшін мемлекеттік органдар өз саласындағы басым тақырыптардың спектрін анықтап, Білім және ғылым министрлігіне ұсынуы қажет», - деді Б.Жұмағұлов.