«Болашақ» бағдарламасы бойынша 2436 стипендиат әлемнің 33 еліндегі 200 үздік университетте оқып жатыр

АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Болашақ» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау 1 қазанда аяқталады.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Ғалия Досмұхамбетова бүгін Алматыда ғылыми-зерттеу институттарының жас мамандарымен болған кездесуде осылай айтты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 20 жылда 9959 шәкіртақы тағайындалды. Бағдарлама түлектерінің саны 5788 болып отыр. Қазіргі таңда 2436 стипендиат әлемнің 33 еліндегі 200 үздік университетте оқуда. Өңірлердегі үміткерлердің қатысуы 2011 жылы 39 пайыз болса, былтыр ол 47 пайызға өсті», - дейді Ғ.Досмұхамбетова. Оның айтуынша, биыл құжаттарды қабылдау магистратура, докторантура, ғылыми, педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық тағылымдамалар бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда. Байқауға шетелдік жоғары оқу орнына өз бетімен түскендер, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми-педагогтар, өңірлердегі жоғары оқу орындарының ағымдағы жылғы түлектері, медицина және инженерлік-техникалық қызметкерлер қатыса алады. Магистратураға үміткерлер үшін шетелде 18 айға дейінгі, ал тағылымдамалар үшін 6 айлық тілдік курстар көзделген. Сонымен қатар стипендия алуға барлық үміткерлер үшін жас шектеулері алынып тасталған. Оларды іріктеу шет және мемлекеттік тілдерді білу, психологиялық даярлық, интеллектуалдық және кәсіби даярлығы деңгейін анықтау арқылы байқау негізінде жүргізілетін болады.