Ағымдағы жылы әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатқан 826 түлек елімізге оралып, шет елде игерген мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса бастайды. Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өткен оқу жылында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 мың 884 жас білім алып келген болатын. Олар әлемнің 21 мемлекетінде білім алды және алуда. Олардың арасында жастардың ерекше ықыласына ие мемлекет Ұлыбритания болып табылады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың 29 пайызы қазір осы елде. 28 пайызы АҚШ-та, 14 пайызы Ресейде мамандануда. Биылғы жылы Ресей мен Канада мемлекеті бәсекеге түсіп отыр. Сондай-ақ қазақстандықтар Швейцария, Германия, Франция, Австрия, Австралия, Скандинавия елдері мен Оңтүстік
Корея және Жапония сияқты елдерде білім алуда», деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, биыл «Болашақ» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына 16 жыл. Осы уақыттан бері аталмыш бағдарлама бойынша елімізден әлемнің үздік деген оқу орындарынан 1 мың 781 маман дайындалып шыққан. «Олардың басым көпшілігі елімізге оралып, мемлекеттік және жеке құрылымдарда түрлі қызметтер атқаруда. Нақты мәліметтерге жүгінетін болсақ бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған азаматтардың 11 пайызы мемлекеттік қызметте жүр. Олардың әрбір 11-іншісі бюджеттік мекемеде жұмыс істейді. Үштен бірі ұлттық және мемлекеттік компанияларда еңбек етіп жүр және әрбір екінші түлек жеке секторда қызмет етуде. Олардың тек 1 пайызы ғана үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуде. Түлектердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында. Тек 11 пайызы ғана республиканың аймақтарында қызмет етуде», деді ресми өкіл.