деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2008 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысатындарға мемлекеттік тілді білу деңгейі негізгі шарттың бірі болып енгізілді. Сондықтан да, сол жылдан бастап еліміздегі Ұлттық тестілеу орталығында «Болашақ» бағдарламасының үміткерлері тест арқылы мемлекеттік тілден сынақ тапсырады. Бұл ретте үміткер 150 сұрақтың 90-на дұрыс жауап беруі тиіс. Бұған дейін қазақ тілінен сынақ тапсыра алмай сүрінген үміткерлер болды, бірақ бұл талап жыл сайын күшейіп келеді», деді А. Абылайхан.
Бұл ретте еліміздің басқа ұлт өкілі болып табылатын үміткерлерге де талап бірдей. Сондықтан, халықаралық бағдарлама бойынша мемлекеттік тілден сынақ тапсыру деңгейі жыл сайын артып отыр. «Былтырғы жылы үміткер бір орыс азаматына сынақ барысында шетелдегі оқуды бітірген соң алға қоятын жоспарын сұрап, Қазақстанға оралуы туралы білгіміз келіп еді. Сонда әлгі жігіт: «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп қазақша мақалдап тұрып жауап берді. Бұл да үміткерлер тарапынан үлкен дайындықтың болғанын білдіреді. Сондықтан да, «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді білу талабы формальды түрде қаралатын шара емес», деді А. Абылайхан.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, маусымның 7-сінен бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау Астана және Алматы қалаларында жүргізіледі. Іріктеу ережесі, басым мамандықтар мен қажетті құжаттар тізбесі, үміткерлердің қосымша сауалнамалары, сондай-ақ конкурс бойынша қосымша ақпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның www. edu-cip.kz ресми сайтында орналастырылған.