«Болашақ» бағдарламасы бойынша тағлымдамадан өту «100 қадам» Ұлт жоспары жобаларына қайта бағдарланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағлымдамадан өту «100 қадам» Ұлт жоспары жобаларына қайта бағдарланады.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов мәлім етті.

«Өткен жылы Президент тапсырмасына сәйкес тағлымдамадан өту бағдарламасы екі есе қысқарған болатын. Ағымдағы жылы берілген орындардың жалпы санындағы тағлымдама үлесі 10 пайыздан аспайды. Қысқа мерзімді болашақта даму жоспарында қарастырылғандай тағлымдама бағдарламасы дамытылатын болады. Бірақ, ол «100 қадам» Ұлт жоспары жобаларына қайта бағдарланады», - деді ол.

Ғ.Нығметовтің атап өтуінше, мемлекеттік органдармен бірлесіп, мамандарды таяуда Қазақстанда құрылатын қаржы орталығында, арбитраждық орталықта, Жоғарғы сот жанындағы халықаралық кеңесте және «Бәйтерек» холдингі жүзеге асыратын «Ұлттық чемпион» жобасында тағлымдамадан өткізу жоспарланып отыр.