«Болашақ» бағдарламасы түлектерін іріктеудің, оқытудың және еңбекпен қамтудың жаңа жүйесін қалыптастыру керек - ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов

АНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Үдемелі индустриялық-инновациялық жаңғыруды дағдарыстан кейінгі даму кезеңінің басты бағыты етіп айқындады. Елбасы халыққа арнаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Кәсіби және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономика сұранысымен тығыз байланысуы керек», - деген болатын.

Осыған байланысты ел үшін маман дайындау жүйесіндегі «Болашақ» Президенттік бағдарламасының стратегиялық ролінің арту жөніндегі мәселе өзектілікке ие болды.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов біздің тілшімізбен сұхбатында жаңа талаптарды ескере отырып, «Болашақ» бағдарламасының жағдайын қай бағытта пайдалану көзделіп отырғандығы туралы айтып өтті.

- «Болашақ» бағдарламасының негігі бағыттары қандай болады?

- Бірінші кезекте басым мамандықтардың Тізімі өзгертілетін болады. Бұл Тізімді түрлендіру бұрын да жүргізілгенін айта кету керек. Осы мәселенің мәнісіне тоқталатын болсақ, ең алғашында «Болашақ» бағдарламасының иегерлері әлеуметтік-саяси, экономикалық және заң мамандықтары бойынша білім алды, бұл жүйелі реформалардың арқасында ақталды. Одан кейін техникалық және медициналық мамандықтар, мемлекетті басқару жөніндегі бағдарлама кеңейтілді.

Әртүрлі мамандықтар бойынша түлектер қызметінің сұранысы деңгейін ескеріп отырып осындай түрлендіру бүгінгі таңда да қажеттілік тудырып отыр. Қалыптасқан жағдай сараптамасы бұл жерде белгілі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Мысалға, «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша өткен жылдары 386 түлек білім алып шықса, олардың 98-і ғана мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет істеп жүр. Бұл бір ғана мысал емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, мақсатты дайындық жеткіліксіз жүргізіліп, басқа мамандықтарға деген сұранысқа қанағаттанушылық деңгейі төмендейді.

«Болашақ» бағдаламасы түлектерінің еңбекпен қамтылуын және білім алуын, жаңа, нақты және бұйрықты-мақсатты іріктеу жүйесін құру қажет. Ғылым мен экономиканың негізгі салалары үшін шетелде білікті мамандарды дайындаудың арнайы мақсатты бағдарламасы жұмыс істейтін Сингапурды үлгі етіп алуға болады.

Бұл үшін ең алдымен, ең білікті мамандарды қажет ететін басым салалар жүйесін анықтап алу қажет.

Басым бағытты салалар қатарына ғылым, білім беру мен инновация қосылуы керек екені сөзсіз. Сараптамаға жүгінсек, өткен 17 жыл ішінде бағдарлама бойынша 2 788 түлек маман атанды. Олардың 55 пайызы жеке салада қызмет етсе, 23 пайызы ұлттық компаниялар мен мемлекет қатысатын компанияларда еңбек етіп жүр. Түлектердің 9 пайызы ғана мемлекеттік қызметке, 10 пайызы мемлекеттік мекемелерге қызметке барған.

Ал ғылым мен білім саласына санаулы ғана маман қосылды, бұл жағдайды өзгерту қажет екендігі сөзсіз.

- Ең алдымен қандай ЖОО-лар мен мекемелерге жаңа кадрлар жіберу керек?

- Қазақстанның білім беру жүйесіндегі негізгі буын - ғылым, білім беру мен инновацияның бірегей қосындысы ретінде құрылған «Назарбаев Университеті» жаңа мамандарға өте тапшы. Қазір Мәжілісте «Ғылым туралы» жаңа Заң жобасы қаралып жатыр, бұл құжатта осы саланы басқарудың мақсатты жаңа жүйесі айтылып, ғалымдар ролі арттырылған, зерттеу университтері туралы жаңа түсініктер енгізілген. «Назарбаев Университеті» үшін Қазақстан ғылымының ядросына айналатын мамандарды дайындауға тиістіміз.

Көрнекті түрде айтатын болсақ, біздің ғылымға жаңа Ломоносовтар мен Сәтбаевтар келуі тиіс.

- «Болашақ» бағдарламасына тағы қандай өзгерістер енгізу керек?

- Ел аумағы бойынша бағдарлама түлектерін бөлудегі аймақтық үйлеспеушілікті жою қажет. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 85 пайызы Алматы және Астана қалаларында жұмыс істейді, тек 15 пайызы ғана аймақтарда тер төгіп жүр, ал индустриялдық даму үшін дәл осы аймақтарға жауапкершілік жүктелген емес пе.

Сонымен қатар маңызды міндеттердің бірі дайындық деңгейлері бойынша бағдарламаға қатысушылар құрамын өзгерту болып табылады. Алғашқы кезде «Болашақ» бағдарламасы студенттерінің басым бөлігі бакалавриат бойынша білім алды, сол кезде біздің жоғары мектебіміз жаңа жүйелерге ауыса бастаған. Ал қазір жағдай басқа.

Жақында ғана «Назарбаев Университетінде» оқыған өз дәрісінде Елбасы ғылым кадрларын дайындауды жаңа мақсатты негізде ұйымдастырып, теориялық білімді тәжірибе, зерттеумен байланыстыру керек екендігін атап өтті. Яғни магистрлар мен PhD докторларын дайындауға үлкен назар бөлу керек, ол үшін біздің университтеріміздің ең үздік түлектерін оқуға бағыттау қажет. Бұл ең алдымен тиімді іріктеу мен дайындық жүргізуде оң нәтижелерін береді. Кешегі оқушылар арасынан стипендиаттарды іріктеп алу бір бөлек, ал болашақ мамандықтары бойынша білім алып шыққан бакалаврлар арасынан мамандарды іріктеп алу мүлдем басқа шаруа. Яғни соңғы нәтиже де жоғары болады.

Одан әрі үшжақты іс-қимылды, мемлекеттік басқару органдары, жұмыс беруші мен «Болашақ» бағдарламасының түлектері арасындағы үшжақты өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру керек.

Жалпы алғанда менің ойымша, барлық мамандықтар бойынша сұраныс пен еңбекпен қамтуды анықтаудың нақты тетігін құру қажет. Біздің министрлік бұл бағытта жұмыс бастап та кетті, жұмыс берушілермен арадағы байланыс орнап келеді. Елдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындар «Болашақ» бағдарламасы үшін мамандар таңдаудағы анықтаушы күш болуы керек және мамандардың жұмыспен қамтылуының кепіліне айналуы керек.

- Қайта даярланған түлектердің жұмысқа орналасуына «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің Қауымдастығы қатыса ма?

- Иа, Қауымдастық осы бағытта көп жұмысты қолға алуда. Себебі қауымдастық құрамында әртүрі ұйымдарда негізгі жұмысты атқаратын көптеген мамандар бар. Халықаралық бағдарламалар орталығы да талантты жастарды «Болашақ» бағдарламасына тартуды қоса алғандағы осындай механизмнің қалыптасуында айтарлықтай орын алуы тиіс. Мектептер деңгейінде талантты жастарды іріктеу жүйелі негізделген, бұл бағытта «Дарын» бағдарламасы қызмет істейді, «Назарбаев зияткерлік мектептері» де өз жұмысын бастады. ЖОО-лар деңгейінде осындай механизм әлі жоқ, Орталық осы жұмысты өз мойнына алуына да болады. Ал өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі Орталық болашақта DAAD, JICA, КОІСА сынды халықаралық білім беру орталықтарының деңгейіне көтерілу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын болады.

- «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне айтар тілегіңіз?

-Әрине, шетелде тамаша білімге ие болған түлектердің әрқайсысы елдің зиялы тобының қатарына қосылғысы келеді. Президент Н.Назарбаевтың өзі «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің талпынысын айтып жүр. Алайда кәсібилік тәжірибе арқылы келеді. Сұранысқа ие және білікті басқарушы болу үшін кадрлық кезеңдердің барлығынан өту қажет.

Мемлекет бұл жастарға әлемдегі ең үздік университеттерде білім алуға мүмкіндік туғызды, және олар да өздеріне жүктелген сенімді ақтап шығулары керек, дәл солай болатынына мен кәміл сенемін.

-Әңгімеңізге рахмет.