Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында «Елбасы Н.Назарбаевтың ағымдағы Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіруге арналған онлайн конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің жұмысқа орналасуы мәселесін шешуге қатысты сауалдың туындағанын атап өткен ол: «Ондай проблема мүлдем жоқ. Өйткені бұл азаматтар өте жоғары білім алған, ағылшын тілін еркін меңгерген және әлемднің үздік ғылыми орталықтарында оқыған» - деді.
Б.Жұмағұловтың атап өтуінше, оларды жұмыссыз қалды деп айту орынсыз. Дегенмен 2010-2011 жылдары шетелдің жоғары оқу орындарын тәмамдаған 300-400 стипендиат әлі жұмысқа орналасқан жоқ. Бірақ олар мәртебесі жоғары әрі тиімді шарттары бар жұмысқа орналасуға ниетті. Сондықтан «Болашақ» Президенттік бағдарламасы бойынша білім алған түлектің жұмысқа орналасуында қиындықтар бар деу қисынсыз.
Сондай-ақ министр тілшілер тарапынан болашақтықтардың неліктен ауылға жұмыс істеуге бармайды деген сауалдың туындайтынын айта келе: «Менің жауабым: алдымен біз ірі кәсіпорындарымызды қамтамасыз етіп алайық. Тек өткен жылдың өзінде ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 800 млрд. теңгеге 152 кәсіпорын ашылды. Ал оларда біздің болашақтықтар жұмыс істемегенде кім істейді?», - деді.