«Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 16 жыл ішінде 68 жас сабақ үлгеріміне байланысты оқудан шығып қалған

АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 16 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың тек 68-і ғана үлгеріміне байланысты білім алуын тоқтатқан. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, қазір шетелдік білім ордаларындағы әріптестеріміздің көпшілігі еліміздің жастарының базалық деңгейінің жоғарылығы мен олардың еліне оралып, сонда еңбек етсек деген ниеттері туралы айтуда. «Ал үлгерімі нашар немесе өздеріне қойылған талаптарға жауап бере алмай, оқудан шеттетілгендер мен түрлі себептермен бағдарлама бойынша білім алудан бас тартқан азаматтар мемлекеттен жұмсалған шығынды өтеп, 10 пайыз айыппұл төлеулері қажет. Осыған орай тек биылғы жылдың жартысында ғана мемлекет бюджетіне 44 милион теңгеден астам қаржы қайтарылды», деді ресми.

 Сондай-ақ ол сөзінде оқу орындарынан шығып қалған жастардың білімі төмен еместігін және олардың басым көпшілігі жастардың бойынан ерекше қасиеттерді талап ететін  күрделі салалар бойынша білім алуға тәуекел еткен азаматтар екендігін атап көрсетті.