«Болашақ» бағдарламасынан үміткерлерден келесі аптадан бастап құжаттар қабылдана бастайды

АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Маусымның 7-сінен бастап ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық сыйлығын тағайындау конкурсына қатысушылардан құжаттар қабылдана бастайды. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінен хабарлады.

Осыған орай маусымның 7-сі күні Астанадағы «Дипломат» қонақүйінде баспасөз мәслихаты өтеді. Оған Білім және ғылым министрлігі стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Данияр Бектұрғанов пен вице-президенті Еркежан Әпсеметова қатысады.

Академиялық оқуға құжаттар маусымның 7-сі мен шілденің 31-і аралығында, ал ғылыми тағлымдамаға - маусымның 7-сі мен қыркүйектің 30-ы аралығында қабылданады.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы аясында академиялық оқуға ұсынылып отырған жоғары оқу орындарының тізіміне 87 мамандық бойынша әлемнің 23 елінің 200 жоғары оқу орны, ғылыми тағлымдамадан өту үшін әлемнің 24 елінің 105 ғылыми орталығы мен зертханасы ұсынылып отыр.

Конкурсқа қатысу туралы толыққанды мәліметтерді Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтынан - www.edu-cip.kz - оқып-біле аласыздар.