Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі көтерілді.

Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігі төмендегідей түсінік береді.

2005 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2913 адам білім алды. Олардың 2453-і жұмысқа орналасқан. Оның ішінде мемлекеттік органдарда 155, мемлекеттік мекемелерде - 178, ұлттық компанияларда, мемлекеттің қатысуындағы компанияларда - 402, жеке компанияларда - 1647, халықаралық ұйымдарда - 45 және коммерциялық емес ұйымдарда 26 түлек жұмыс істейді. Бұлар 2006-2010 жылдары шетелдік оқу орындарын бітіргендер.

Бағдарлама стипендиаттары мемлекеттік қызметке тұру барысында басымдыққа ие. Олар конкурстың жарияланғанын күтпей-ақ мемлекеттік қызмет резервіне тұра алады. Бұл үшін оларға тек қана ҚР Конституциясы мен бірқатар заңдар бойынша тест тапсырса болғаны. «Болашақ» бағдарламасының барлық түлектері жұмысқа орналасу барысында жоғары мүмкіндікке ие. Өйткені олар жақсы білім алған және шетел тілдерін еркін меңгерген.

Қазіргі таңда жұмысқа орналасу үрдісінде «Болашақ» бағдарламасының 460 түлегі бар. Олар 2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың басында оқуын аяқтаған стипендиаттар.

Қазіргі уақытта облыс орталықтарында «Болашақ» бағдарламасы аясында дайындалған кадрлар мардымсыз. Түлектердің 85 пайызынан астамының Астана мен Алматы қалаларында және ірі облыс орталықтарында жұмысқа орналасуы еңбек нарығындағы сұранысқа байланысты. Өйткені олардың басым бөлігі қаржы және менеджмент, инженерлік-техникалық мамандықтар, жоғары білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық бағыттар бойынша білім алған. Осылайша «Болашақ» бағдарламасының түлектері үшін әлеуетті жұмыс берушілер елордада және облыс орталықтары мен ірі қалаларда шоғырланған.