Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі атап өткендей, жоба болашақ биология мамандарының зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға, оқу процесін цифрландыруға және практикалық сабақтардың мазмұнын жетілдіруге бағытталған.
Ғылыми жобаның жүзеге асуына Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гаухар Байташева жетекшілік етсе, авторлар құрамында Гүлмира Ешимбетова және Лайла Ануарова бірлесіп жұмыс атқарды.
— Платформа ботаника пәні бойынша оқу-дала практикасын жаңа форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Цифрлық жүйе арқылы студенттер табиғи ортада өсімдіктерді бақылап, олардың морфологиялық, биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін жан-жақты талдай алады. Сонымен қатар білім алушылар дербес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мәліметтерді жинақтау, салыстыру және қорытынды жасау дағдыларын меңгереді, — делінген хабарламада.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі — әрбір тақырыптық бөлімнің нақты құрылымдалуы. Платформада практикалық тапсырмалар, зерттеу бағыттары, бақылау жұмыстары және бағалау критерийлері жүйелі түрде енгізілген. Бұл студенттердің оқу жетістіктерін объективті бағалауға, өзін-өзі саралау және рефлексия жасау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ цифрлық платформа оқу процесінің икемділігі мен қолжетімділігін арттырып, білім алушылар мен оқытушылар арасындағы өзара байланысты күшейтеді. Интерактивті формат студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, талдау және ғылыми пайым жасау құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
Жоба нәтижесінде ботаника пәні бойынша оқу-дала практикасының мазмұны жаңарып, болашақ биология мамандарын даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған тиімді білім беру алаңы қалыптасты.
Осыған дейін қазақстандық ғалымдар иммунитетті нығайтатын биологиялық қоспа әзірлеп жатқанын жазғанбыз.