«Болашақ» бойынша түсуге болатын шетелдік жоғары оқу орындарының саны артты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Болашақ» стипендиясы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтілді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына 2024–2026 жылдары оқуға және тіл курсынан өтуге ұсынылатын алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдардың тізіміне толықтырулар енгізді.
Тізім келесі жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен толықтырылды:
- Нью-Йорк киноакадемиясы (New York Film Academy), АҚШ;
- Лондон өнер университеті (University of the Arts London), Ұлыбритания;
- Музыка жөніндегі Корольдік академия (Royal Academy of Music), Ұлыбритания;
- И.М. Сеченов атындағы бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті (I.M. Sechenov First Moscow State Medical University), Ресей;
- Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебі (London School of Hygiene & Tropical Medicine), Ұлыбритания;
- Сан-Францискодағы Калифорния университеті (University of California, San Francisco), АҚШ.
Осылайша тізімге 279 шетелдік жоғары оқу орны еніп отыр. Аталған бұйрық 2025 жылғы 2 шілдеде күшіне енді.
Айта кетейік, биыл шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 189 қазақстандық халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды.