«Болашақ энергиясы» атты жастар арасында өткен республикалық конкурс нәтижелері белгілі болды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Болашақ энергиясы» «EXPO-2017» көрмесін қолда! Елімізді қолда!» тақырыбында ең үздік эссе мен ұранға жарияланған республикалық конкурстың қорытындысы шығарылды,

деп хабарлады ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.

Конкурс 12 қыркүйек пен 30 қазан аралығында EXPO-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесін Астана қаласында өткізуге өтініш беру аясында өткізілді.

«Қазақстандық студенттер мен оқушылардың «Болашақ энергиясы» тақырыбына ерекше қызығушылық танытқаны өте маңызды. Жұмыстарды оқи отырып, дарынды жастардың көбісінің қазірден бастап баламалы энергия көздерін дамытуға өзіндік көзқарастары, сондай-ақ нақты ұсыныстар мен шешімдері бар. Жастар мен шығармашылық ұжымдарды осындай шараларға тарту EXPO-2017 Халықаралық көрмесін Астанада өткізу өтінімін жылжытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бүгінгі "Болашақ энергиясы" конкурсына қатысып жүрген студенттер мен оқушылар бес жылдан кейін Астанадағы EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыруға ат салысады деп сенеміз», - деп атап өтті конкурстық комиссия төрағасы, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Тілебалдинов.

Айта кетерлік бір жайт, конкурсанттар қатарында Астана оқушылары ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өзге де өңірлерінің жастары белсене қатысты. Барлығы 60-тан астам өтініш келіп түсті, балалар эссе мен ұрандарды мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жазды.

Конкурстық комиссиясының мүшесі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті төрағасының орынбасары Владимир Клякин: "Энергия және жастар шығармашылығы бұл - біздің болашағымыз. Жастарды топтастыру, олардың белсенділігін арттыру, экология мен энергетика салаларының мәселелерін шешуге тарту осының барлығын конкурс ұймдастырарда көздеген едік. Дегенімізге жеттік деп ойлаймын. Ең үздік ұран мен эссе сайысы энергия сақтау саласындағы инновациялық жобалардың іске асуына түрткі болады деген сенімдемін. Ал қазіргі заманғы ілгері ойлар, энергияны тұрақты пайдалануға көшудің жолын ашады", - дейді.

Сайыс жұмыстары жастардың энергетика және энергия қорларын сақтау мәселелерін шешуге дайын екендігін көрсетті. Жазылған эсселердің барлығы да объективті мәліметтердің талдауына сүйенгені, олардың зерттеу сипаты мен сараптау элементерімен айқындалады.

Сонымен ең үздік деп Қарағанды облысы Абай ауданының тұрғыны Мағжан Құтжанның жазған шығармасы танылды. Ең үздік ұранның «Save Today. Survive Tomorrow» авторы - Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенті Гауһар Жанжолова.