«Болашақ» халықаралық стипендиясының басым мамандықтар тізбесі 74-ке жетті

None
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2012 жылғы басым мамандықтар тізбесі 74-ке жетті.

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі комиссияның отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР БҒМ Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті.

«Бүгінгі отырыс барысында 2012 жылдың басты 74 мамандық тізбесі бекітілді. Онда техникалық мамандықтарға, атап айтқанда, бұған дейін де дайындық жүргізілген геология, машина жасау, атом өнеркәсібі, авиация салаларында өзіміздің мамандарды әзірлеуге баса назар аударылып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, оның атап өтуінше, ағымдағы жылы «Білім туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге байланысты «Болашақ» бағдарламасы аясында келесі жылдан бастап педагог кадрлармен қатар инженерлік-техникалық кадрлардың, медицина мамандарының тағлымдамадан өтуі көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі отырыс барысында 216 азаматқа «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Жалпы құжат тапсырған 389 азаматтың 159-ы Ұлыбританияда, 91-і АҚШ-та, 34-і Ресейде, 19-ы Германияда білім алғысы келеді. Ал қалған үміткерлер Франция, Италия, Австралия, Қытай, Нидерланды, Норвегия, Чехя, Канада, Словакия, Австрия, Швейцария елдерін таңдады.