Болашақ инженерлері: Қарағандыда елдің үздік жас машина құрастырушылары анықталды

Фото: «Maker KLMZ» ЖШС

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда II Республикалық машина жасаушылар олимпиадасының жеңімпаздары анықталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас дарындар өздерінің теориялық білімін ғана емес, тәжірибелік шеберлігін де дәлелдеп, елде инженерлік саланың жарқын болашағы бар екенін көрсетті.

Олимпиаданың ақтық кезеңі 27 қыркүйекте Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында өтті. Биылғы додаға Ақтау, Шымкент, Петропавл, Балқаш және басқа да қалалардан барлығы 137 қатысушы келді. Олардың ішінен тек 14 үміткер ақтық сынға жолдама алды. Финалда жас инженерлер материалтану мен сызба саласынан сұрақтарға жауап беріп, бөлшектерді жинап, тіпті заманауи сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарға арналған бағдарламалар құрастырды.

Бұл шараның мән-маңызы ерекше: 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған. Елде техникалық және инженерлік мамандықтардың беделін жүйелі түрде көтеру көзделген, ал машина жасаушылар олимпиадасы осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды.

Фото: «Maker KLMZ» ЖШС

— Бұл олимпиада — инженерлік кәсіптерді дәріптеудегі маңызды қадам. Біз бүгін қарапайым студенттер мен оқушыларды емес, ертеңгі күні саланың негізгі кадрлық қорын құрайтын болашақ мамандарды көріп отырмыз, — деді «Maker (Мэйкер)» ЖШС техникалық бөлімінің басшысы Алмагүл Рахимбекова.

Ал «Maker KLMZ» ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов қатысушыларды құттықтай отырып, машина жасау өнеркәсібінің ел үшін стратегиялық рөлін атап өтті.

— Дағдарыс кезеңінде немесе жеткізілімдер тоқтап қалған кезде Қазақстан өз мамандарына және отандық өндірісіне сүйенуі тиіс. Сондықтан мұндай бастамалар болашақ инженерлерді дер кезінде даярлауға үлкен мүмкіндік береді, — деді ол.

Фото: «Maker KLMZ» ЖШС

Финалға қатысқан жастар үшін олимпиада кәсіби таңдаудың дұрыстығын тағы бір дәлелдеді. Петропавлдан келген Николай Березка бас жүлдені иеленіп, бұл салаға әуестігі бала кезден басталғанын айтты.

— Мен кішкентайымнан қолыммен бірдеңе құрастыруды жақсы көрдім — алдымен конструктор, кейін металлмен жұмыс істедім. Алғаш рет станокта шахмат фигураларын ойып жасадым, содан кейін бұл салаға біржола қызықтым. Қарағандыда мен өмірімді осы кәсіппен байланыстырғым келетінін түсіндім, — деді ол.

Финалдағы ең жас қатысушы, қарағандылық 11-сынып оқушысы Егор Шевнин, автоматтандыруға ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді.

— Бүгінде зауыттар жаңа технологияларға көшіп жатыр, ақпараттық жүйелердің рөлі күн санап артуда. Мен IT саласын оқығым келеді, бірақ машина жасау да өмірімде қолданбалы бағыт ретінде қалады, — деді жас инженер.

Фото: «Maker KLMZ» ЖШС

Ә. Сағынов атындағы ҚарМТУ ректоры аппаратының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Аристотель Исағұлов та финалға жоғары баға берді.

— Финалистер күрделенген тапсырмаларды да сенімді орындады. Жастардың жүйелі ойлап, шешімдерін дәлелдей білуі қуантады. Бұл — салада мықты ауыс-түйістің болатынын аңғартады, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиадаға қызығушылық жыл санап артып келеді: былтыр 120 қатысушы болса, биыл 137-ге дейін өскен. Шараның басты мақсаты — оқушылар мен студенттерге инженер мамандығының қыр-сырын таныстыру, заманауи зауыттар мен университеттердің мүмкіндіктерін көрсету және жастарды осы салада білімін жалғастыруға ынталандыру.

Жарыстың жеңімпаздары:

  • I орын — Николай Березка (Петропавл, Б. Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі, 4 курс). Сыйлық — 4 жылдық оқу гранты.
  • II орын — Ағыбай Думанұлы (Балқаш, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, 4 курс). Сыйлық — 1 жылдық оқу гранты.
  • III орын — Мерей Ноғайбаева (Шымкент, Назарбаев Зияткерлік мектебі ФМБ, 12-сынып). Сыйлық — MacBook ноутбугі.

Барлық финалистер марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, оның қатысушылары Қазақстан машина жасау саласының тірегіне айналатын жаңа буын инженерлер болады.

Осыған дейін елімізде машина жасау саласында маман тапшылығы туралы жазған болатынбыз.