«Болашақ» қауымдастығының Үндеуі: Көшбасшы факторы - ел жетістіктерінің негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының қауымдастығы 10 жылдан астам уақыт бойы өзінің бар қызметімен жастарды еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жұмылдыра отырып, Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекеттік бағдарын қолдап келеді. Бұл туралы «болашақтықтардың» Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай жолдаған Үндеуінде айтылды.

Шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алған 10 мыңнан астам «Болашақ» түлегі мемлекеттік қызметте, бизнесте, әлеуметтік сферада, ел болашағы үшін аса маңызды көлік, коммуникациялар, ақпараттық технологиялар, құрылыс, турзим сияқты салаларда Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуда.

Қазіргі жаһандық тұрақсыздық және бұрын-соңды болмаған дағдарыс жағдайында Елбасымыз ұлттық экономиканың даму қарқынын сақтап қалу үшін еліміздің инфрақұрылымдық дамуының стратегиялық жоспары - Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады.

Әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі мемлекеттің алдағы ондаған жылдық тұрақты дамуына тек дамыған инфрақұрылым ғана кепіл бола алатынын дәлелдеп отыр.

Ұлы депрессия жылдарында АҚШ-та ауқымды көлік инфрақұрылымының салынуы, Маршалл жоспары аясында соғыстан кейінгі еуропалық жолдар мен магистралдардың қайта жөнделуі, Батыс Қытайдағы жедел инфрақұрылымдық даму бағдарламасы және т.б. осыған жарқын мысал бола алады.

Инфрақұрылымға бүгінгі салынған инвестиция - ертеңгі тұрақты гүлдену қамы!

«Қазақстан-2050» стратегиясының ажырамас бөлігі ретіндегі «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының басты мақсаты - азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және «Мәңгілік Ел» ұлы идеясы жолында Қазақстанның әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылуы.

Бағдарламаның табысты болуы оны жүзеге асыруға жастардың белсене атсалысуына байланысты. Біздің әрқайсымыздан отансүйгіштік, еңбекке деген жауапкершілік, төзімділік, ынтымақшылдық талап етіледі. Біз қашанда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмірлік ұстанымдары болып табылатын өз Отанына және туған халқына деген шынайы махаббатқа, жеке бас жауапкершілігіне және кәсібилікке сүйенуіміз керек.

Тұңғыш Президенттің арқасында небәрі 23 жылдық тәуелсіз даму барысында Қазақстан әлемдік қауымдастықта беделді озық мемлекетке айналды.

Осы жылдар ішінде, әсіресе әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар уақытында, Елбасының батыл және көреген шешімдері Қазақстанның сын-қатерлерді мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктерге айналдыра отырып, қиындықтарды жеңіп шығуына мүмкіндік берді.

Көшбасшы факторы - ел жетістіктерінің негізі!

Жолдаудың тарихи маңызын түйсіне отырып, «Болашақ» қауымдастығы жастарды «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырады, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтайды!