«Болашақ мамандарды 12 жылдық оқытуға көшу жағдайына даярлау мәселелері мен келешегі» атты конференция өтті

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз, көрнекті педагог-ғалым, профессор Рамсейіт  Қоянбаевтың туғанына 70 жас толуына арналған «Болашақ мамандарды 12 жылдық оқытуға көшу жағдайына даярлау мәселелері мен келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Аталмыш оқу орнының психология-педагогика факультетінің ұйымдастыруымен өткен конференцияда ғалымның шәкірттері мен әріптестері және ғалым-ұстаздар  Рамсейіт  Қоянбаевтың  өзі мен еңбегін, білім саласына қосқан үлесін, оның педагогикалық көзқарастарын, сондай-ақ бастауыш сынып ұстаздарының жеке   тұлға ретінде қалыптасуына қосқан үлестеріне баға беріп, еске алды. Сонымен қатар жиын барысында  12 жылдық оқытуға көшудің келешегі, ұстаздарды даярлау мәселелері мен білім сапасын көтеру жайы айтылды.

         «Ғалым-ұстаз Рамсейіт Қоянбаев қазіргі кезде өзекті боп отырған оқытудың кредиттік жүйесі, 12 жылдық білім беру жүйесі, шағын жинақы мектепке маман дайындау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі тағы да басқа мәселелерді осыдан 10-15 жыл бұрын көтеріп, өз жарияланымдарына арқау етті және оқу-тәрбие үдерісіне ендіріп, оқу әдістемелік жоспарларды жасап, білім министрліктеріне ұсынды. Ол жан-жақты білімді, адамгершілігі мол, қарапайым, кішіпейіл педагог-ұстаз. Ол 12 жылдық білімге көшуді қуаттайтын», дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сағира Рахметова.

         Р.Қоянбаев 1939 жылы  желтоқсанның 10-ында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда облыстық партия комитеті мен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында түрлі қызмет атқара жүріп, ол 1980 жылы педагогика ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.  Аталмыш оқу орнында 1986 жылдан 1999 жылға дейін өзі негізін салған «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» факультетінің деканы, 1999-2000 жылдары бастауыш мектеп педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, ал 2000-2004 жылдары жаңадан құрылған психология-педагогика факультетінің деканы болды. Өмірінің соңына дейін «Бастауыш мектеп педагогикасы» кафедрасында профессор қызметін атқарды.