– Турнирге Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu, Twisted Minds, Bigetron by Vitality және әлемдік спорт пен киберспорт сахнасында кеңінен танылған өзге де командалар қатысады. Біз үшін Қазақстан өкілдерінің өнер көрсетуі де ерекше маңызды. Еліміздің намысын 11 команда мен жекелеген спортшылар қорғайды, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, фиджитал футболда Қазақстан атынан ACF x Allur және UEL Team, фиджитал баскетболда PBC Astana мен GTB KZ, ал фиджитал жекпе-жекте Future Nomads командасы сынға түседі.
Rune Eaters командасы Mobile Legends: Bang Bang және Dota 2 бойынша екі дисциплинада бақ сынайды. DIGA Esports PUBG: Battlegrounds, ал NOVAQ пен TeamKZ Counter-Strike 2 жарыстарына қатысады. Фиджитал би дисциплинасында Қазақстан атынан Гүлназ Аманғали өнер көрсетеді.
Вице-министр қазақстандық қатысушылардың бір бөлігі турнирге ашық іріктеу кезеңі арқылы жолдама алғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл отандық спортшылар мен киберспортшыларға әлемнің үздік командаларымен бір алаңда күш сынасуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде «Қазспортинвест» АҚ президенті Әлібек Хасенов Қазақстан құрамасының жүлделі орындарға таласуға әлеуеті бар екенін айтты.
– Біз Қазақстандағы фиджитал спорттың даму тарихында жаңа кезеңді бастап отырмыз. Бұған дейін өткен «Болашақ ойындарында» қазақстандық командалар жоғары нәтижелер көрсетті. Мәселен, фиджитал-шутер дисциплинасында екі рет қатарынан чемпион атанды. Биыл да осы жетістікті қайталауға үміттіміз. Әсіресе Counter-Strike 2 дисциплинасынан жақсы нәтиже күтеміз, – деді Әлібек Хасенов журналистер сұрағына.
Оның айтуынша, жуырда Қазақстанда өткен халықаралық Phygital Contenders турнирі ұйымдастырушылар үшін маңызды сынақ алаңы болды.
– Бұл жарыс барысында турнирді ұйымдастырудың барлық бағыттары пысықталды. Фиджитал футбол бойынша 16-дан астам команда қатысты. Олардың қатарында Бразилия, Аргентина және Испаниядан келген мықты ұжымдар болды. Осындай бәсекеде біздің команда бірінші орын иеленді. Қазақстан атынан өнер көрсететін командалардың бірі – ACF x Allur. Олар халықаралық қарсыластарына өз деңгейін дәлелдей алды, – деді ол.
Әлібек Хасеновтің айтуынша, аталған команда Абу-Дабиде өткен алдыңғы ойындарда цифрлық кезеңде барлық қарсыласын ірі есеппен жеңгенімен, жалпы есепте жүлдегерлер қатарына ене алмаған.
– Осы тәжірибеден кейін команда өз ойынына жан-жақты талдау жасап, әсіресе физикалық дайындықты күшейтті. Ал ACF клубы Phygital Contenders турнирінің жеңімпазы атанып, цифрлық кезеңде барлық қарсыласын 12:0 есебімен ұтты. Сондықтан бұл командадан да үлкен үміт күтеміз, – деді ол.
Сонымен қатар Astana командасы бұған дейінгі «Болашақ ойындарында» фиджитал баскетболдан қола жүлдеге ие болған.
– Біз командамен тұрақты байланыстамыз. Олар дайындықтарын жалғастырып жатыр. Бұған дейін әлсіздеу болған цифрлық кезеңге ерекше көңіл бөліп, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарды. Сондықтан олардың да жүлделі орындардың біріне таласуға мүмкіндігі бар деп есептейміз, – деді «Қазспортинвест» АҚ президенті.
Ол қалған дисциплиналарда бәсекенің өте жоғары болатынын айтты.
– Бұл жарыстарға әлемнің ең үздік командалары келеді. Сондықтан олармен тең дәрежеде бәсекелесу оңай болмайды. Дегенмен спортта әрдайым күтпеген нәтиже болуы мүмкін. Турнирдің өз елімізде өтуі, жанкүйерлердің қолдауы қазақстандық командаларға қосымша серпін береді деп сенеміз. Ең басты мақсат – финалдық кезеңге жолдама алып, жүлделі орындар үшін күресу, – деді Әлібек Хасенов.
Бұған дейін аталған турнирде жүлде қоры қанша екенін жазғанбыз.