Болашақ ойындары 2026: турнирдің жүлде қоры қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада алғаш рет өтетін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турнирінің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 млн 650 мың АҚШ доллар болады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлім етті.

Фото: Астана әкімдігі

– Ең ірі жүлде қоры Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарына қарастырылған. Әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан бөлінеді. Ал Mobile Legends: Bang Bang бойынша жүлде қоры 900 мың долларды, фиджитал футболда 625 мың долларды, фиджитал жекпе-жекте 500 мың доллар. Қалған дисциплиналар бойынша да тиісті жүлде қорлары белгіленген, – деді Серік Жарасбаев ОКҚ-да өткен брифингіде. 

Баспасөз мәслихатында журналистер «Болашақ ойындарын» ұйымдастыруға жұмсалатын қаражат көлемі мен қаржыландыру көздері туралы сауал қойды.

– «Болашақ ойындарын» өткізуге жалпы 24 млрд теңге қарастырылған. Оның 45 пайызы бюджет тарапынан. Нақтырақ айтсақ, 10 млрд теңгеге жуық қарастырылды. Қалған 13-14 млрд теңге демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады. Ол үшін арнайы демеушілік пакеттер әзірленді. Демеушілер сол пакеттер аясында өз қаражатын құйып жатыр. Сондай-ақ демеушілік қаржының жартысына жуығы халықаралық Phygital International ұйымы тарапынан тартылды. Осылайша барлық қаржы көздерін есептегенде жалпы сома 24 млрд теңге, – деді Серік Жарасбаев.

Оның сөзінше, жарыс бағдарламасына 108 дисциплина енгізілген. Турнир төрт спорт нысанында өтеді. Оған мыңға жуық спортшы қатысады. Делегациялар мен ресми қонақтарды қоса есептегенде, Қазақстанға 2,5 мыңға жуық халықаралық қатысушы келеді.

Бұған дейін 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада көрермендерді не күтіп тұрғанын жазғанбыз.