«Болашақ ойындары — 2026» (GOTF 2026) халықаралық мультиспорттық турнирін ұйымдастыру жөніндегі дирекцияда жарысты өткізу тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Мемлекет басшысының көмекшісі, киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.
Жиында биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Қазақстан астанасында өтетін халықаралық турнирге дайындықтың негізгі бағыттары таныстырылды. Сондай-ақ жарысты өткізу тұжырымдамасының егжей-тегжейлі жоспары, дайындықтың жұмыс жоспары, спорттық және медиа инфрақұрылым, қауіпсіздік, IT-қамтамасыз ету, логистика және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Әсіресе классикалық спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал-форматқа ерекше назар аударылды. «Болашақ ойындары — 2026» (GOTF 2026) аясында Астанада сегіз дисциплина бойынша жарыстар өткізу жоспарланған. Олардың қатарында фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, MOBA PC, MOBA Mobile, корольдік шайқас, фиджитал-шутер, фиджитал-би және фиджитал жекпе-жек түрлері бар.
— Еліміз үшін мұндай турнирді өткізу фиджитал бағытты дамытудағы және Қазақстанның ірі халықаралық жарыстар өтетін алаң ретіндегі беделін нығайтатын маңызды қадам болмақ. Бүгінгі таңда біздің алдымызда спорттық және IT-инфрақұрылымнан бастап қауіпсіздікке, логистикаға және халықаралық ынтымақтастыққа дейінгі барлық бағыт бойынша жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды қамтамасыз ету міндеті тұр. Дирекцияның, мемлекеттік органдар мен серіктестердің бірлескен жұмысы турнирді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді деп сенемін, — деді министр.
Жоба таныстырылымы барысында жарыс өтетін нысандар да таныстырылды. Олардың қатарында «Барыс Арена», Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы және Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені бар.
Сонымен қатар басты медиаорталықты ұйымдастыру, аккредитация жүйесі, халықаралық хабар тарату және қалалық навигация шешімдері де ұсынылды. Турнирге 50-ден астам елден 900-ден астам қатысушы мен команда өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Айта кетелік елордада Counter-Strike 2 бойынша ірі халықаралық турнир – PGL Astana 2026 өтеді.