Жарыстар 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтіп, классикалық спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын сайыстарға әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың басын қосады.
Турнир елорданың бірнеше ірі спорт нысанында өтеді. Негізгі жарыс алаңдары ретінде көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы белгіленді.
12 күн бойы қатысушылар фиджитал-футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би бағыттары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және жаңа форматтағы өзге де спорт түрлерінен бақ сынайды.
Болашақ ойындарының басты ерекшелігі — спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте шеберліктерін көрсетіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады.
Турнирге әлемдік спорт пен киберспорттың танымал өкілдері қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және NOVAQ командалары бар.
Болашақ ойындары — 2026 жарысында Қазақстан атынан барлық сегіз дисциплина бойынша командалар мен спортшылар өнер көрсетеді. Жүлделер үшін ACF x Allur, UEL Team, GTB KZ, PBC Astana, Future Nomads, Rune Eaters, DIGA Esports, NOVAQ, TeamKZ командалары және спортшы Гүлназ Аманғали бақ сынайды.
Турнирге әлемнің әр елінен жүздеген спортшы мен мыңдаған жанкүйер келеді деп күтілуде. Осылайша Астана екі апта бойы фиджитал-спорттың әлемдік орталығына айналады.
Болашақ ойындары — 2026 Қазақстан үшін жылдың ең ірі халықаралық оқиғаларының біріне айналмақ. Ауқымды турнир елорданың заманауи спорт инфрақұрылымын таныстырып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды өткізу алаңы ретіндегі беделін нығайта түседі.
Көрермендерге турнирдің жеке күндеріне де, бірнеше жарыс күніне де билет сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Жарыс кестесімен танысып, өзіңізді қызықтыратын дисциплиналарды таңдап, билеттерді Болашақ ойындарының ресми сайтынан алуға болады.
Бұған дейін Астанадағы турнирге 50-ден аса елден адам келетінін жаздық.