«Болашақ ойындары»: қазақстандық фиджитал футболшылар басты қарсыластарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Фиджитал футболда командалық үйлесім шешуші рөл атқарады. Бұл туралы «Болашақ ойындарына» қатысып жатқан қазақстандық спортшылар Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

Бағдарламаға Ақтөбе облысынан әуесқой футболшы Нұрәлем Байдулла, Орал қаласынан киберспортшы Әлішер Мұқанәли және Маңғыстау облысынан Талғат Өтепбергенов қатысты.

Нұрәлем Байдулланың айтуынша, команда бүгінгі деңгейге бірнеше халықаралық жарыста тәжірибе жинақтау арқылы жеткен.

Фото: видеодан скрин

– Үш жыл көлемінде киберспорттың айналасында жүрмін. Алғашқыда Қазақстан ұлттық құрамасының Казаньдағы БРИКС ойындарын тамашалап, қызығушылығым оянды. Содан кейін киберфутболмен айналыстым. Келесі жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттік. Одан кейін Contenders ойындарында да топ жардық, – деді Нұрәлем Байдулла.

Жинақталған тәжірибе «Болашақ ойындарына» дайындықта ескерілген. Команда тактикалық және физикалық жаттығуларды қатар жүргізіп, ойынның әр кезеңін пысықтаған.

– Бұл үлкен механизм секілді. Бірінші және екінші таймда төрт киберспортшы ойнайды, кейінгі екі таймда төрт футболшы алаңға шығады. Фиджитал футболда борттар бар, қақпа үлкен, аут болмайды. Әр тайм бес минуттан өтеді. Бапкерлер борттан қайтқан доптың траекториясын зерттеп, соған қарай бағыт береді, – деді Әлішер Мұқанәли.

Дайындық тек жаттығумен шектелмеген. Спортшылар жолдастық кездесу өткізіп, болашақ қарсыластарының ойын мәнерін талдаған.

– Кәсіпқой футболшымын. Бір апта бұрын жолдастық кездесу өткіздік, кеше де жаттықтық. Өзге командаларды да талдап жатырмыз. Алғашқы қарсыласымыз – Бразилия. Жалпы жарысқа 16 команда қатысады. Қазір бапкерлер ойын жоспарын әзірлеп жатыр. Біз соған сай әрекет етеміз, – деді Нұрәлем Байдулла.

Спортшылардың бағалауынша, жарыста Испания мен Мексика құрамалары негізгі фавориттердің қатарында. Соған қарамастан олар Қазақстандағы киберфутболдың әлеуеті артып келе жатқанына сенімді.

– Болашақта Қазақстаннан танымал киберспортшылар шығуы мүмкін, – деп санайды спортшылар.

Айта кетейік, Қазақстан атынан аталған сайысқа PUBG бойынша жалғыз команда қатысады.