Спикердің айтуынша, турнирдің басты ерекшелігі – дәстүрлі спорт пен цифрлық әлемді біріктіретін фиджитал формат.
– Фиджитал – әуелі қатысушылар компьютерде, консольде немесе VR ортасында цифрлық сайысқа түседі, содан кейін нақты физикалық алаңда (мысалы, шағын футбол немесе ринг) күш сынасады. Турнирге 50-ден астам елден 800-ден аса қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында Team Spirit, Team Falcons, T1, Xtreme Gaming, Vici Gaming секілді әлемге танымал командалар бар. Жарыстар 8 спорттық дисциплина бойынша өтеді. Қазақстан үшін мұндай халықаралық турнирді өткізу туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Елге шамамен 20 мыңнан астам турист келеді деп болжап отырмыз, – деді ол.
Халықаралық турнирді әлемнің кез келген нүктесінен онлайн тамашалауға болады. Сонымен қатар жарыстар Астанадағы төрт аренада өтеді.
– Онлайнда 3 млрд-тан астам көрермен тамашалауы мүмкін. Оның үстіне Астанада да қызығушылық танытқан көрермен көп. Билеттер сатылымда. Бағалары 4 мыңнан 10 мың теңгеге дейін барады. Жарыс кестелері ойынның ресми сайтында қолжетімді. Жарыстар 4 аренада өтеді. Ерекше атап өту керек, қазір елімізде фиджитал спорт бағыты қарқынды дамып келеді. Биыл турнирде ел намысын 11 қазақстандық команда қорғамақ, – деді спикер.
Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 4,5 млн АҚШ долларынан асады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық бәсекелермен қатар, жанкүйерлер үшін арнайы шоу-бағдарламалар да ұйымдастырылады.
Бұған дейін киберспорттың әлемдік жұлдыздары Астанаға келіп жатырғанын жазған едік.