«Болашақ» шахтасындағы жазатайым оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы жазатайым оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтайды.
- Ақтөбе облысында «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дон тау-кен байыту комбинатының («Филиал») жұмысшыларымен болған топтық жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылады, - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабы 4-тармағына сәйкес, бұл факті бойынша топтық жазатайым оқиғаны арнайы тергеу үшін комиссия құрылатын болады. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
Еске салсақ, бүгін Хромтау ауданындағы «Болашақ» шахтасында қысқа мерзімді тұйықталу болып, 4 жұмысшыны күйік шалды. Қазіргі кезде осы шахтада кен өндіру жұмыстары тоқтатылды.
Полиция тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Бір жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр.
«Болашақ» шахтасындағы оқиға кезінде 200-ден астам жұмысшы жер үстіне шығарылған еді.