«Болашақ» стипендиаттары шалғай аудан оқушыларына сый жасады

None
ОРАЛ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиаттарының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы ең шалғай аудан оқушыларына сыйлық жасады.

Бөкей ордасы ауданының Сайхын және Хан ордасы ауылдарындағы балалар кітапханасына түрлі жанрдағы 60 кітапты тарту етті.

«Болашақ» стипендиаттарының батысқазақстандық көшбасшысы Ільяс Омаровтың айтуынша, бұл - ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған «Балаларға кітап сыйла» акциясының шеңберіндегі алғашқы шара. Аталмыш филиал ағымдағы жылдың 28 наурызында құрылған болатын.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тарихи-өлкетану мұражайында өткен кездесуде Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ауыл балалары үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттің, ғылыми-фантастикалық шығармалар мен оқу-әдістемелік құралдардың жаңа оқу жылында айнымас серігіне айналарына сенім білдірді. Азаттықтың мерейлі мерейтойы қарсаңында ерекше қуанышқа бөлеген «болашақтықтарға» бөкейордалық өрендердің атынан алғыс айтты.