«Болашақ» стипендиясы әділ беріле ме — Орталық жауабы

Фото: Фото: Jibek Joly

АСТАНА. KAZINFORM — «Болашақ» бағдарламасында кәсіби тәжірибе мен академиялық жетістіктер қатар ескеріледі, ал іріктеу процесі ашық өтеді.

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді. 

Әділ Құсманов академиялық көрсеткіштердің кәсіби тәжірибеден басым болуы туралы сұраққа жауап берді және үміткерлер кешенді тұрғыда қаралатынын атап өтті.

— Бізде кәсіби тәжірибе де, академиялық жетістіктер де есепке алынады. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы әрбір үміткерге тұтас, холистикалық түрде қарайды. Біз еңбек өтіліне, тіл деңгейіне, нәсілге, әлеуметтік мәртебеге байланысты ешкімді шеттетпейміз, — деді ол.

Оның айтуынша, магистратура, докторантура, тағылымдама бағыттарына қарай, минималды талаптар қойылған. Мысалы, тағылымдама үшін ең кемі үш жылдық кәсіби тәжірибе қажет. 

— Кейде біздегі аға буын өкілдерінің ағылшын тілі деңгейі жетпей қалса, олар комиссия тарапынан әділетсіздік болды деп ойлауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде, біз іріктеу өткеннен кейін әрбір сұхбатты қарап шығамыз. Менің тәжірибемде мұндай әділетсіз жағдайлар болған жоқ, — деп толықтырды орталық төрағасы. 

Ә. Құсманов байқаудың әділ өтпейтіні туралы пікірлерге түсініктеме берді және іріктеу процедурасы үш кезеңнен тұратынын және әрбір кезеңде бақылау элементтері бар екенін айтты.

— Біз орталық ретінде, тәуелсіз сараптамалық комиссияға ықпал етпейміз, тек оның құрамын министрлікпен бірге жасақтаймыз. Биыл Президенттік кадр резервінің мүшелерін, 20–30-ға жуық адамды, Ұлттық ғылым академиясы мен басқа да беделді ұйымдардың өкілдерін тарттық, — деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, барлық тізім ашық жарияланады. Іріктеуден өтпеген үміткерлерге нәтиже туралы хабарлама жіберіледі, ал толыққанды кері байланыс сұраныс бойынша ұсынылады.

— Бізге шамамен 2–3 мыңнан астам адам сауал келіп түседі. Өкінішке қарай, барлығына егжей-тегжейлі түсіндіру мүмкін емес. Бірінші турда үміткердің қанша балл жинағанын айтамыз, екінші турда да солай. Әр адам бойынша толық талдау жасамаймыз. Бірақ бұл жақсы жаңашылдық болар еді. Біз бұл ұсынысты қарастырамыз, — деді Әділ Құсманов.

Сондай-ақ, орталық командасы кері байланыс сапасын арттыру бағытында жұмыс істейтінін атап өтті.

— Анығында біз барынша ашық кері байланыс беруіміз керек. Сол үшін осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, — деп түйіндеді Ә. Құсманов.

Бұған дейін Әділ Құсманов «Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, Президент сынынан кейін «Болашақ» тағылымдамасына жас шектеулері енгізілді.