«Болашақ» стипендиясының 60 пайызы техникалық және IT мамандықтарға беріледі
«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарына грант саны 60% дейін көбейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасы тәуелсіз мемлекетімізді дамытуға, әлеуметтік-экономикалық саласын ілгерілетуге тиісті сала мамандарын әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беруде. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінде берген тапсырмаларына сәйкес, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде индустрияландыру кезеңінде ел экономикасына қажет болатын инженерлік-техникалық бағытта отандық кадрларды даярлау бойынша тиісті өзгерістер енгізілді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарына грант саны 60% дейін көбейді», - деп жауап берді министрлік агенттік сауалына.
Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» атты жаңа жеңілдік санаты енгізілген.
Сонымен қатар министрлік пен Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлердің квоталық санаты бекітілді.
Осылайша 2023 жылдан бастап инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медицина мамандары жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады.
«Бұған дейін іріктеуге жеңілдетілген шарттармен ауылдық жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын. Бұл – оқытудың осы бағыттары бойынша үміткерлерді қолдаудың қосымша шараларының бірі. Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер және ауылдан шыққан үміткерлер 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады. Бұл шаралар, Президент тапсырмасына және ел экономикасына техникалық мамандардың жетіспеушілігіне байланысты енгізілді», - дейді Ғылым министрлігі.
Жалпы «Болашақ» бағдарламасымен осы күнге дейін әлемнің оқу орындарында 12 430 маман даярланған.
Оның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық бағытта 55% маман оқыса, техникалық бағыт бойынша тек 36%-ы білім алған.