«Болашақ» стипендиясы - Елбасының ең сәтті жобаларының бірі - Жұматай Сәлімов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Астананың 16 жылдығын атап өтуге арналған бірқатар үлкен шаралар өтіп жатыр. Елорданың осы аз уақыттың ішінде гүлденіп, қарқынды дамуы бағытында еліміздің көптеген азаматтары еңбек етуде. Олардың қатарында президенттік «Болашақ» стипендиясының да түлектері бар.

Осы орайда қала күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы кеңесінің мүшесі Жұматай Сәлімовтен сұхбат алуды жөн көрдік. Ол 2006-2008 жылдары Америкалық университетте «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білім алды. Қазіргі кезде Ж. Сәлімов «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаруда.

- Жұматай Қабдоллаұлы, «Болашақ» қауымдастығының негізгі жұмысына тоқталсаңыз?

- Еліміз үшін экономикалық ауыр кезеңде, яғни 1993 жылы Президенттің стратегиялық тұрғыдағы парасатты шешімінің арқасында «Болашақ» стипендиясы құрылды. Алғашқы жылдары стипендия саны өте шектеулі болды, 20-50 көлемінде. Кейін осы бағытта білім алатындар саны арта түсті.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері арасында «Нұр Отан партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов секілді танымал саясаткерлер бар. Сонымен қатар, бағдарлама арқылы білім алған вице-министрлерді, әкімдердің орынбасарларын және басқа да салаларда нәтижеге қол жеткізгендерді байқауға болады.

Осы орайда түлектердің белгілі бір тобы қалыптасты. Стипендиаттардың күш-жігері мен тәжірибесін біріктіру мақсатында, сондай-ақ еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қазақстандық жастардың белсенділігін арттыру және қуатты Қазақстанды құруға ықпал ету бағытында 2001 жылдың наурызында бастамашы топ ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығының негізін қалады. «Болашақ» қауымдастығы мен оның мүшелері түрлі консультативтік органдардың жұмысына қатысу арқылы тиісті шешімдерді қабылдау үшін сарапшылық алаң ретінде қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, қауымдастық қызметі аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Яғни, түрлі білім беру семинарлары, акциялар, оның ішінде «Болашақ сабағы» дәрістері, «Болашақ жастар үшін», «Өзіңнен баста», «Жас сарапшы» және басқа да жобалар өткізіледі. Қайырымдылық шаралары бойынша біз балалар үйлеріне белсенді қолдау жасап, жыл сайынғы қайырымдылық балдарын ұйымдастырамыз және одан жиналған қаржы балалар үйлеріне бағытталады.

Сонымен қатар Қауымдастық Кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің бастамасымен 2011 жылы голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты - мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мен тілдің қолданыс салаларын кеңейту.

- Шетелде біліміңізді жалғастыруға қандай себептер ықпал етті?

- Президент стипендия көлемін арттыру туралы шешім қабылдаған кезде мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің соңғы курстарында оқып жүрген едім. Шынын айтсам, «Болашақ» бағдарламасына сеніңкіремей қарайтынмын. Алайда, өзімнің білімімді сынап көріп, іріктеуден өттім және кейіннен Вашингтонда тәлім алып шықтым. Нәтижесінде бұл бағдарлама барлығына қолжетімді екеніне көзім жетті. «Болашақ» шынымен де барлық стипендиаттардың өмірінде жол бастау болды. Мен өзім осы қалада қарапайым отбасында туып-өскен адаммын. Әкем өмір бойы «Целиноградсельмаш» кәсіпорнында қызмет етті, ал анам 40 жыл қатарынан Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында мейірбике болып жұмыс істеуде. Менің ойымша, «Болашақ» бағдарламасы - Елбасының ең сәтті жобаларының бірі.

- Сіздің ойыңызша, шетелде білім алғандар Қазақстанда қаншалықты сұранысқа ие?

- Шетелде білім алу бағытында бізге келе бермейтін тұстары бар. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттік басқару Қазақстанмен салыстырған өзгеше. Ол жерде Федеративтік республика. Алайда онда бізді оқытқан ортақ ұстанымдар да бар. Яғни, қаржылық менеджмент саласы. Әрине, олардың өзіне тән білімі біз үшін қосымша болды. Егер де «ядрошыларды» мысалға алатын болсақ, ядролық физика заңдары АҚШ-та да, Англияда және Қазақстанда бірдей болғандықтан бұл мамандық қолданбалы маңызға ие.

Шетелде алынған білімнің маңыздылығы жайында бір мысал келтіргім келеді. Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің келіссөздер жүргізу барысындағы ұстанымы үлкен мақтауға лайықты. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының да түлектері бар. Жас дипломаттар Қазақстанға үлкен стратегиялық маңызға ие жобаларды жеңіп алуда елеулі еңбек етті. Бұл тұрғыда ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, ЭКСПО-2017, Азиада секілді ауқымды шараларды атап өтуге болады. Қазір біз 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміттіміз. Атап айтқанда, осы жұмыстардың барлығы адами факторға байланысты, яғни келіссөздерді өте сауатты деңгейде өткізудің маңызы зор.

-Президент «Болашақ» бағдарламасының түлектері өңірлерде тәжірибе жинақтауы тиіс екенін айтқан болатын. Егер де Сізге өңірден жұмыс ұсынылып жатса, қызмет етуге барасыз ба?

- Өткен жылы жұмысқа орналасуға байланысты облыстардың бірінің әкімдігінде қабылдауда болдым. Астанаға оралған кезде басшылығым маған шамалы күте тұру керектігін өтініп, басталған жобаларды аяғына дейін жеткізуді тапсырды. Кейіннен маған бас тарта алмайтындай ұсыныс жасалды. Осыдан соң «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне кірістім. Бірақ та, өңірде жұмыс істеу мәселесі мен үшін әлі де өзекті. Себебі, өңірде тәжірибе жинақтаудың маңызы зор және оны барлығы жақсы түсінеді. Алдағы уақытта өңірде қызметке орналасып жатсам, мен осы жайында міндетті түрде сізге хабарлайтын боламын.

- Сіз екі жыл қатарынан АҚШ-та оқыдыңыз. Осы уақыт ішінде Астанадағы өзгерістер Сізге байқалды ма?

- Астана қарқынды дамып келе жатқаны аян. Мен өзім қаланың оң жағалауында өстім және сондағы әрбір бөлікті жақсы білемін. Атап айтқанда, біздің шағын қалаға астананың көшіп келуі - Алла тағаланың сыйы. Елорданың арқасында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да жақсы білім алдым. Бұл оқу ордасы да - Президенттің жобасы. Осында жүріп «Болашақ» стипендиясына ілігіп, алдымнан зор мүмкіндіктер ашылды. Астанада өзімнің зайыбымды кездестірдім. Ол да осында оқуға келген еді. Елорда болмаса, біздің кездесуіміз екітайлай еді. Сондықтан Астана шынымен де менің өмірлік жолымды қалыптастырды. Шетелде оқып жүргенде мен осында каникулға келіп жүрдім. Әр сапарым сайын жаңа ғимараттарды көріп отырдым. Менің АҚШ-тағы оқу орнындағы топтастарым Астанада қарқынды салынып жатқан ғимараттардың суреттерін көріп, таңданатын. Міне осы 16 жылдың ішінде менің қалам танымайтындай өзгерді. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын!

- Әңгімеңізге рахмет!