«Бауырсақ пен күлшеге таңырқаған жұртқа құрт пен тарының дәмі жетіспей тұрғандай сезілді. Дегенмен, қазақтың қара домбырасының күмбірі елді елең еткізіп, ерекше ілтипатқа бөленді десек артық айтқандық емес. Айшылық алыс Америкадағы дүйім жұртқа қазақ халқының мәдениетін дәріптеп, домбырамыздың күмбірімен делебесін қоздырып, өз салт-дәстүрімізде аз да болса таныстырдық деген ойдамыз» - дейді олар өз сөзінде.
Бұдан бөлек олар ағылшын тілінде Қазақстанның көрікті жерлері мен жетістігі туралы деректі фильм көрсетіп, елімізді жиналған жұртқа жан-жақты таныстырды.
Н.Ораздың айтуынша, университеттің бұл бастамасы әрбір елден келіп білім алып жатқан студенттердің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жергілікті жұртқа паш ету, сол арқылы әралуан мәдениетті өзара жақындастыру ниетінен туындаған. Шараға 12 елдің студенттері қатысып, өз жұртының тұрмыс-тіршілігін таныстырған.