«Болашақ» түлегі ауылда оқушыларды жаңаша оқытып жүр
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысы Көкпекті ауданында математика пәнінен сабақ беретін Нұрлан Құмаров — «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Қазір ол 5, 8 және 10-сыныптарды саралап оқыту әдісін, зерттеу тәсілі мен жасанды интеллектке негізделген бейімделген оқыту платформаларын қолданып оқытып жүр. Kazinform тілшісі жаңашыл ұстазды әңгімеге тартып көрді.
— Ұстаздық жолды таңдауыңызға не түрткі болды?
— Осы салаға бет бұруыма әсер еткен адам — анам. Ол Шайжүнісов атындағы мектепте талай жыл бойы ұстаздық етіп, білім саласының қайраткері атанған. Оның шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы мен адалдығы маған бала кезімнен өнеге болды. Сонымен қатар өзімнің математикаға деген қызығушылығым мектептен бастап қалыптасты. Осы екі фактор мені педагогикаға жетеледі.
— «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университетінде білім алыпсыз. Сол жайлы айта кетсеңіз.
— Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университетінде оқуға түскенім мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бұл университет әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарында. Онда білім беру жүйесі заманауи талаптарға сай, әсіресе математикаға басымдық береді. Университет қабырғасында жинаған тәжірибем мен алған білімім мені кәсіби тұрғыда шыңдап, көкжиегімді кеңейтті.
— Мәскеудің білім саласында сізге ерекше ұнағаны не болды?
— Онда байқалған басты ерекшелік — оқытуға деген жүйелі көзқарас. Мектептерде математикаға ерекше назар аударылады, әрі оқушылардың зерттеу жұмыстарына ерте араласуына мүмкіндік жасалған. Өзім екі жыл бойы № 1542 Мәскеу қалалық мектебінде жұмыс істеп үлгердім. Сол жерде педагогтар мен оқушылар арасындағы ашық диалог, тәжірибеге негізделген сабақтар маған қатты ұнады.
— Елге келген соң не себепті ауыл мектебінде сабақ беремін деп шештіңіз?
— Ауыл мектебінде жұмыс істеу — саналы түрде қабылданған шешімім. Себебі ауыл балаларына сапалы білім беру арқылы олардың мүмкіндіктерін арттыруға болады. Өз білімім мен тәжірибемді қолдана отырып, ауылдағы оқушылардың да заманауи технологияларға, ғылымға, зерттеуге қаладағылармен тең дәрежеде қол жеткізгенін қалаймын.
— Жұмыс барысында саралап оқыту әдісін, зерттеу тәсілі мен жасанды интеллектке негізделген бейімделген оқыту платформаларын тиімді қолданып жүрсіз. Бұның тиімділігі қалай болып жатыр?
— Бұл әдістердің ең басты артықшылығы — әр оқушының қабілетіне қарай бейімделуінде. Саралап оқыту арқылы үлгерімі әртүрлі балалардың барлығы сабаққа белсене қатыса алады. Ал жасанды интеллектке негізделген платформалар оқушылардың білімін үздіксіз бақылап, оларға жеке траектория бойынша дамуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер білім сапасын ғана емес, балалардың пәнге деген қызығушылығын да арттырады.
Балаларға тапсырмаларды үш деңгейде ұсынамын: базалық, орташа және күрделі. Бұл тәсіл әр оқушының өз мүмкіндігіне сай жетістікке жетуіне мүмкіндік береді. Сабақ барысында оқушыларға дайын білім беріп қана қоймай, оларды ойлануға, сұрақ қоюға, шағын жобалар жасауға баулимын. Мысалы, белгілі бір математикалық заңдылықтың өмірде қолданылуын зерттеп, сынып алдында қорғау сияқты тапсырмалар беремін. Бұл олардың зерттеушілік қабілетін дамытады.
— Ары қарай өз біліміңізді жетілдіре түсу ойда бар ма?
— Әрине, бар. Қазіргі таңда докторантураға түсуді жоспарлап отырмын. Әлемнің тағы бір беделді университетінде білімімді шыңдап, зерттеу жұмысымды жалғастырғым келеді. Бұл тек менің кәсіби өсуім үшін ғана емес, жалпы елдегі білім беру жүйесіне қосатын үлесім үшін де маңызды қадам деп білемін.
— Ауылда білім сапасын арттыра түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Біріншіден, ауыл мектептерін заманауи технологиялармен жабдықтау қажет. Екіншіден, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі үздіксіз арттырыла беруі тиіс. Үшіншіден, оқушыларды тек оқулық шеңберінде қалдырмай, қосымша зерттеу, олимпиада, жоба жұмыстарымен айналысуға тарту маңызды. Осындай кешенді қадамдар ауылдағы білім сапасын көтереді деп ойлаймын.
— Ауыл мен қала баласының білімге деген құштарлығында айырмашылық бар ма?
— Айырмашылық бар деп айту қиын. Негізінде ауыл балаларының білімге деген ынтасы өте жоғары. Бірақ олардың мүмкіндіктері шектеулі болуы мүмкін. Мәселен, қосымша курстар, үйірмелер, зертханалар жетіспейді. Қалада ондай мүмкіндіктер көбірек. Сол себепті ауылдағы балалардың білімге деген құштарлығын қолдап, оларға қаладағыдай жағдай жасау — біздің міндетіміз.
Еске салсақ, бұған дейін Ганадан келген ұстаз Ебенезар Йебоа Овусу ауылдағы балалар үшін жаһандық білімді жақындататын бастаманың алғашқы қатысушысы болғаны хабарланған.