«Болашақ» түлегі шәкірттерімен бірге отандық микрочип жасап шығарды

Фото: Фото: Назарбаев Университеті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Nazarbaev University-де (NU)  профессор Нұрсұлтан Қабылқас пен шәкірттері жобалап шығарған, «Designed in Kazakhstan» деген таңбасы бар микрочип таныстырылды.

Микросхемаларды цифрлық тұрғыдан жобалап, сынақтан өткізетін мамандарды даярлау мәселесіне арналған «Кремний жолы: заманауи Қазақстандағы цифрлық электроника жобалау саласындағы даму мен білім беру» тақырыбымен өтіп жатқан форумға шақырылғандар қазақстандық «өнімнің» атын әлеуметтік желідегі сүйінші жаңалықтар арқылы талайдан бері естіп жүрсе де, бұған дейін қолмен ұстап көрмеген. Форумда осындай мүмкіндік болды.

Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Тұрмыстық техника мен кеңсе техникасы, жасанды зейін мен ғарыш технологиясы, ақпарат пен коммуникация, цифрландыру және медицина. Қазір бұл салалардың келешегін микросхемаларсыз елестету мүмкін емес. Осынша қат дүниені жобалап өндіретін елдердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстан да осы бәсекенің бел ортасында жүру үшін түрлі бастамаларды қолға алып отыр. Соның бірі - Nazarbaev University-де ашылған микросхемаларды дайындау және сынақтан өткізу курсы.

Осы курстың студенттері профессор Нұрсұлтан Қабылқастың жетекшілігімен шағын процессордың дизайнын жасап, бағдарламасын түзіп шыққан. Интеллектуалдық өнімді материалдық өнімге айналдыру үшін Тайваньдағы өндіріс ошағымен әріптестік орнатып, бір жылдың ішінде қазақстандық ғалымдардың дизайны бойынша микрочип құйылып отыр.

Бұл жобаның сәтті іске асуына Қытай ғылым академиясы (CAS) жанындағы Есептеу технологиялары институтының Компьютерлік архитектура жөніндегі мемлекеттік зертханасының жетекші маманы, профессор Юньган Бао мол үлес қосыпты.

Оның сөзінше, Қытай әлем бойынша «Бір студент – бір чип» бастамасын қолға алған. Мақсаты – микросхемалар саласындағы білім мен білікті компьютерлік бағдарламалар сияқты баршаның қолы жететін, ашық құндылыққа айналдыру.

Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Nazarbaev University-дің микрсхема мамандарын дайындау бастамасы Қытайдың осы бастамасымен үндес болып шығып, Юньган Бао қазақстандықтарға сапалы орта құру үшін көмек қолын созған. Осылайша қазақстандық «өнім» «Бір студент – бір чип» бастамасының алғашқы жемісі болып отыр.

- Бүгіннің биігінен қарасам, қазақстандық жас ғалымдар микросхемалар әзірлеп, сынақтан өткізу құзыретін меңгеріп болды деп айта аламын. Профессор Н.Қабылқас осы саладағы мамандардың бірнеше буынын дайындап, бастаған жобаларын өз бетімен жетілдіре түсетіндей деңгейге жеткен маман деп есептеймін, - дейді Юньган Бао.

Профессор Нұрсұлтан Қабылқас алты студентпен бірге жасаған микрочиптің дизайнын жасап, бағдарламасын түзуге 3 ай кеткенін айтады.

- Бұған дейін қарапайым прототиптеріміз болғандықтан, бейімделу тез жүрді. Бәрінен де сол прототиптер негізінде жетілдірілген өнімді зауыттан өндіріп шығаруға көп уақыт кетті, - дейді NU ғалымы.

Нұрсұлтан Қабылқас – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Микросехемалар саласындағы білімді АҚШ-та алған. Енді сол білімін NU университетінің студенттеріне сіңіріп жүр.

- Бұл чипке 50-60 инструкция «жазылған». Сыйымдылығына келсек, 64 биттік процессор. Процессордың жадын үлкейтіп, қосымша компоненттер қосса көптеген функцияларға икемдеп пайдалануға болады. Қарапайым тілмен айтсақ функционалы шағын, қарапайым компьютер тектес техникаларға пайдалануға болады. Ал сіз сұрап отырған iPhone өндірісіне қолданылатын чип жасайтындай білімге жету үшін осы қарқынмен кемінде 3-4 жыл тынбай еңбектену керек болатын шығар. Түпкілікті мақсатымыз да сондай деңгейге жету. Бұл жерде ең басты құндылық – қазақстандық мамандардың микрочиптерді өз бетімен дизайндап, бағдарламалай алатын құзыретті игеруінде. Ал микрочипті қолданыс мақсатына қарай икемдеп жетілдіру, құрылымын күрделендіру уақыттың еншісіндегі дүние, - дейді Нұрсұлтан Қабылқас.

Nazarbaev University-дің 4 курс студенті Олжас Нұрманды 64 биттік микрочип жасаған топтың жетекшісі деуге болады.

- Бұл жерде біз жаңадан өнім ойлап тапты екен деп түсінбеулеріңіз маңызды. Ең бастысы, код жазатын орта керек. «RISC-V» процесінің ашық қолданыстағы архитектурасымен жасадық. Яғни, ешқандай лицензия алып, патент тіркеудің қажеті жоқ. Бірақ чиптің дизайнын, бағдарламасын бастан-аяқ өзіміз жасап шыққандықтан қазақстандық процессор деп айтуға әбден болады. Біз оның дизайнын барынша қарапайым қылып істедік. Ал Intel-дің, BND-дің істеп жатқан чиптері бұдан әлдеқайда күрделі архитектурамен әзірленеді, - ол.

Бұл құзырет қазақстандық мамандарға жартылай өткізгіштердің жаһандық индустриясына енетін жол ашуы мүмкін. Ол үшін зерттеу, білім беру, технологияны өндіріске кіріктіру салаларында тыңғылықты әрі сауатты жұмыс істеу қажет.

Бұған дейін аталған чипті әзірлеуге 100 мың доллар жұмсалуы мүмкін екенін жазған едік.