«Болашақ» түлектері мен шетелдік студенттер Республика күніне орай флешмоб бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Республика күніне орай шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер мерекелік бейнеқұттықтаулар жариялап жатыр. Олар осылайша елге деген құрметін білдіріп, отандастарын ұлттық мерекемен құттықтауда.

Фото: Видеодан скрин

АҚШ-тағы Беркли университетінің қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасының студенті, анестезиолог-реаниматолог, медицина докторы, жүрек-қан тамырлары хирургиясындағы анестезиология бойынша сарапшы Айман Исакова егемендік декларациясы қазақстандықтарға әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

— Тәуелсіздік — арманға жол ашқан еркіндік. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік декларациясы — тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды тарихи белес. Содан бері талай нәрсе өзгерді. Жаңа мүмкіндіктер ашылды, жаңа армандар пайда болды. Қазір біз әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік алып отырмыз. Бір кездері алыстағы арман болып көрінген дүниелер бүгін өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Тәуелсіздік — тек өткеніміздің жетістігі емес, бүгінгі таңдауымыз бен ертеңгі жауапкершілігіміз. Республика күні құтты болсын! — деп жазды Айман Исакова Instagram-дағы парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Республика мен Тәуелсіздік күндерінің айырмашылығы неде екенін жазған едік.