«Болашақ» түлектері елдің үмітін ғана емес, еңбектері арқылы өздеріне жұмсалған бюджеттік шығындарды да ақтай білуі тиіс - Қ. Саудабаев

ТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен шетелде маман даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Конкурстық іріктеуден кейін комиссияның қарауына «Болашақ» стипендиясынан үміткер 577 азаматтың өтініші енгізіліп отыр.

Отырыста Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев «Болашақ» президенттік бағдарламасының қоғамның жіті бақылауында екендігін ескертіп, бағдарлама түлектері мен олардың әлеуетін ел игілігі үшін жарату мәселесіне баса назар аударды. «Шетелден білім алып келген «Болашақ» стипендиясының түлектері біздің үмітімізді ғана емес, еліне сіңірген еңбегі арқылы өздеріне жұмсалған бюджеттік шығындарды да ақтай білуі тиіс. Сондықтан біз әрбір үміткерлердің мүмкіндігін жан-жақты зерделеп шығуымыз қажет. Іріктеу жұмысы әділ, әрі қатаң өтеді. Себебі бізге, ең алдымен, сапа қажет», - деп атап көрсетті Қ.Саудабаев. Сөз соңында ол бүгінгі «Болашақ» бағдарламасының бакалавр мамандарын даярлауды аяқтап, тек магистрлер мен PhD докторларды ғана оқытуға көшкендігін тағы бір мәрте еске салды.

Биылғы жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша үміткерлердің басым бөлігі қаржы, мұнай-газ, экономика, энергетика, ақпараттық технологиялар, телекоммуникациялық жүйелер, радио және теледидар мамандықтарын таңдады. Сондай-ақ қазақстандық жастар туризм пен қонақүй саласындағы менеджменттің қыр-сырын меңгеруге қызығушылық білдіріп отыр.